• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Оставить заявку
  • Апатия, үрей, әлсіздік, есте сақтау қабілетінің бұзылуы: ковидтан кейінгі синдроммен қалай күресуге болады?

    Коронавирустан кейінгі салдар және олармен қалай күресуге болатыны жайлы дәрігер-психотерапевт пен психологтар түсіндіреді.

    Ковидтан кейінгі синдром — әлсіздердің ойдан шығарғаны емес, бұл шындық. Көптеген елдердің дәрігерлері осындай тұжырымға келді. «Мен ашушаң болып кеттім», «мен бәрін ұмытып қаламын», «мені ештеңе қуантпайды» дейді науқастар.

    Коронавируспен, тіпті оның жеңіл түрімен ауырған адамдар төмендегідей шағымдар айтады:   

    • апатия (өмірге деген қызығушылықтың, бір нәрсе істеуге деген ынтаның болмауы, енжарлық, әлсіздік, бейжайлық);
    • депрессивтік жағдай (апатияның бір түрі, бірақ қосымша жабырқаңқы көңіл күйдің болуы, уайым-қайғы, өмірде пайдасыз болуы туралы ойлар, өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлау, салмақ пен тәбеттің өзгеруі, физикалық әлсіздік);
    • есте сақтаудың бұзылысы (ұмытшақтық, адамдар күнделікті істерін қағазға жазып отыруға тура келеді, студенттер сабақта өткен материалдарын ұмытып қалады, адамдар сорпа пісіру үшін ыдысқа су құю керектігін ұмытады немесе электр шәйнегін газға қояды);
    • концентрацияның төмендеуі (әдеттегі жұмыс көп уақыт алады);
    • үрейлік шабуылдар (тұншығу сезімі, жүректің қағуы);
    • галлюцинациялар;
    • ұйқысыздық пен ұйқының басқа да бұзылыстары;
    • ашушаңдық;
    • жылауықтық;
    • ойлау қабілетінің төмендеуі.

    Не себепті осындай жағдай болады? Себептер бойынша бірмәнді пікірлер жоқ. Психосоматикалық себептен басқа кең таралған гипотезалар: 

    • коронавирус жүйке жасушаларын зақымдауы мүмкін;
    • бұл майда тамырлар қабынуының (тромбоваскулит) салдары;
    • бұл ағзаның жұқпалы уыттануының салдары;
    • бұл өкпенің зақымдануына байланысты оттектің жетіспеуінің салдары.

    Барлығынан хабардар болыңыз. Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.

    Қазақстандық мамандардың пікірі қандай екен? 

    Біздің сұрағымызға жауап берген психолог пен психотерапевттердің басым көпшілігі осындай мәселенің бар екенін мойындайды. 

    - Науқастар үрей, депрессия, үрейлік шабуылдар, ұйқының нашарлауы, көңіл-күйдің тұрақсыздығы, ашық алаңдардан, адамдардың топталуынан қорқу сияқты шағымдармен келеді, - дейді  невропатолог және психоневролог Кайрат Балташевич Абдразаков. Социогендік фактор аясындағы психосоматика болуы мүмкін. Стандартты ем жоқ, барлығы жекелей тағайындалады!

    Психолог Данияр Муратали коронавируспен ауырған адамдарға психосоматикалық белгілерді жою үшін  бейімделу және қабылдау бойынша жұмыс істеуге кеңес береді. Оның әріптесі Ольга Сон психиканың қызметінде ерекшеліктері бар адамдарда психикалық бұзылыстар жиі кездеседі деп санайды. Олар күйзеліске қиын бейімделеді, депрессияға жиі түседі және шындықты өте эмоциналды қабылдайды.  

    Клиникалық психолог Мадина Рашидовна Нигмадилова өзінің тәжірибесінде үрейлік шабуылға ұқсас мазасыз күй жиі кездеседі, бірақ олар уақыт бойынша қысқа (бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін) және симптомдары анық емес болады.

    - Негізінен қысқа уақыттық бас айналу, жүрек соғуының жиілеуі, ауа жетіспеушілік сезімі, сенестопатия түрі бойынша дененің анық емес жерлерінде жағымсыз сезімнің болуы сияқты шағымдар кездеседі. Клиенттер мұндай сезімді «бір түрлі, түсініксіз» деп сипаттайды. Үрей мен қорқыныштың интенсивтілігі айқын емес, әлсіз болады, - дейді Мадина Нигмадилова. - Эмоционалды тұрақсыздық, жылауықтық 30-35 жасқа дейінгі жастарда, соның ішінде ерлерде кездеседі, - деп жалғастырды.

    Бұдан басқа, науқастарда ипохондриялық реакция, яғни COVID-19 симптомдарын және/немесе оның қолайсыз салдарын өзінен іздеу, әр түрлі зерттеулерден бірнеше рет өту, ғаламторда ақпаратты белсенді зерттеу жиі байқалады.   

    - Кейбір адамдардан өмірдің мәні, өмірді қалай сүру керектігі, неге ұмтылу қажет екені, алға қойылған мақсаттар туралы ой толғау сияқты экзистенциалды дағдарыстың белгілерін көруге болады, - деді біздің сұхбаттасушымыз. – Мұндай белгілер 25-30 жасқа дейінгі жастарда байқалады. «Орта жас дағдарысы ерте басталған сияқты», - деп түсіндірді бір  клиент.

    Мадина Рашидовна клиенттердің апатия, армандаудың азаюы, өмірдің мәнсіз екенін сезіну және ұйқы мен сергек жүру режимінің  бұзылысынан басқа социофобия (ковидпен тікелей байланысты болмауы да мүмкін), обсессивті-компульсивті синдром, депрессия көріністерімен шағымданып келетінін атап өтті.

    Психолог себептер туралы айтқанда ковид кезінде бас миы, жүйке жүйесі құрылымының зақымданулары болуы мүмкін деген пікір қалдырды.  

    - Пандемия маңында болып жатқан жағдайлар, көптеген өлім, сырқаттың ауыр түрде өтетіні туралы ақпараттардың психикаға зақымдаушы әсері  үлкен рөл атқарды (клиенттер жиі 2020 жылдың шілде айын есіне алады). Мұның барлығы өмір қамшының сабындай қысқа екенін және бұл үдеріс бақыланбайтынын түсінуге, экзистенциалды дағдарыс және оның барлық салдарына, қорқыныш пен үрейдің өршуіне алып келді, - деп қорытындылады Мадина Рашидовна.

    Көптеген науқастар дәрігерлердің түсінбейтініне, ал туысқандарының оларды сылтауратқыш деп есептейтініне шағымданады. Мұндай науқастарға психолог өз уайымдарының құнын қашырмауына, өз-өзін қинамауға, өз сезіміне, түйсігіне, ойларына, уайымдарына сенімділікпен мұқият қарап, психологиялық көмекке жүгінуге кеңес береді.   

    - Осындай жағдайларды жасыру немесе онымен өз бетінше күресу симптомдар мен уайымдардың одан әрі өршуіне, басқа да симптомдардың қосылуына әкеледі, - деп ескертті ол. – Мен клиенттермен осы тақырыпта ашық әңгімелескеннің маңызы бар деп санаймын. Олар өлімнен, өмірде бұрыс іс жасаудан қорқу туралы өз уайымдарымен бөлісе отырып,  жеңілдеп қалады, симптомдардың кейбірі жойылады, ал кейбірінің интенсивтілігі азаяды.  

    Терапевт, ЖТД, кардиолог, пульмонолог, реабилитолог және осындай науқастармен кездесетін  басқа да мамандарға Мадина Нигмадилова олардың уайымдарын құнсыздандырмауға, «жүрегіңізге жақын алмаңыз», «позитивті ойлаңыз», «күмәншіл, көңілшек болудың не қажеті бар» деп айтпауға кеңес береді. 

    - Мұның барлығының не әсері болмайды, не әсері қысқа уақытқа ғана жетеді. Сонымен қатар науқаста қосымша өзіндік бірегейсіздік, ауытқушылық сезімін тудырады және үрей мен қорқынышты одан ары нығайтады. Олар өз жағдайын басқалардан жасыруға тырысады, осылайша проблеманың ушығуына әкеледі. Сонымен бірге ұят, кінә сезімі дамып, депрессивтік уайымды күшейтеді. Мұндай жағдайға дұрыс көңіл бөліп, осындай симптомдар мен уайымдар қалыпты нәрсе екенін, басқаларда да кездесетінін және осыған байланысты өз-өзіне дұрыс күтім жасау керектігін айту керек, - деп түсіндірді ол.

    Қажет болған жағдайда тыныштандыратын әсері бар перпараттар (дәрілік немесе шөптік) тағайындаған жөн. Сонымен бірге психологиялық көмекке жүгіну қажет. Өйткені тек фармакологиялық ем арқылы бұл жағдайды жеңу мүмкін емес.

    - Ең маңыздысы – адамның өз ойын, уайым-қайғысын жеткізе алу, сенімді атмосферада ешкімнің күлкісіне тап болмай уайымымен бөлісу, - деп қайталады психолог Нигмадилова.

    Александр Валерьевич Ким өз әріптесімен толығымен келіспеді.  Оның ойынша, ковидтан кейінгі психикалық бұзылыстар деп ажыратып айту дұрыс емес.  Себебі олар әлеуметтік таралған күйзелістік фактордың айқын әсерінің нәтижесінде дамыған  психикалық бұзылыстарға жатады. Қысқаша айтқанда, осындай бұзылыстар кез-келген стрестік жағдайлардан кейін болады.

    - Бұл жағдайда орталық жүйке жүйесіне коронавирустың әсерімен байланысты ерекше арнайылылығы жоқ немесе дәлелді түрде  анықталмаған, - деп есептейді дәрігер Ким.

    ТМД елдерінде психикалық денсаулық мәдениеті өте әлсіз дамыған, бірақ психикалық бұзылыстардың стигматизациясы (таңбасын басу) өте кең тараған.

    -Көптеген адамдар, соның ішінде медицина мамандары, өкінішке орай, психикалық бұзылыстарды тек психотикалық деңгейдегі ауыр психикалық бұзылыстар ретінде қарастырады. Қарапайым тілмен айтқанда, жындылық аясында ғана қарастырылады. Ал басқа психикалық бұзылыстар тәрбиенің жеткіліксіздігі, ерік-жігердің әлсіздігі немесе негативті тұлғалық сипат нәтижесі ретінде анықталады, - деп пайымдады дәрігер Ким. – Сондықтан осыған ұқсас бұзылыстары бар барлық науқастарға адам өз денсаулығы үшін өз бетімен  жауапты және емге қатысты барлық шешімді ешкімнің ой-пікіріне қарамай, адам өзі қабылдауы керек екендігін  есіне салғым келеді.

    Тәжірибелі психолог пен психотерапевттердің қабылдауына тікелей TopDoc.me сайтында немесе 8 (707) 22 55 009 телефон нөмірі арқылы жазылуға болады.

    Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:

    Психолог — психотерапевт — психиатр: қалай таңдау керек?

    Паникалық (үрейлі) шабуыл деген не және оны қалай жеңуге болады?

    «Ақыры мен өз дәрігерімді таптым!» қыркүйек айының үздік дәрігері

     

    02.03.2021