• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Оставить заявку
  • Туберкулез (қазақша)

    Туберкулез өкпені жиі зақымдайтын кең тараған жұқпалы ауру. Адам туберкулезбен (басқаша — құрт ауруы, сему, фтизис)  баяғы заманнан бері ауырып келеді.  Кохтың тірі таяқшасын (туберкулездің қоздырғышы) ғалымдар тіпті египет мумияларының сүйектерінен анықтаған. Еуропа қалаларының кедей жерлерінде бұл ауру бірнеше ғасырлар бойы өлімнің ең жиі себепшісі болды.

    Қазіргі уақытта жыл сайын аурудың 9,6 миллион жаңа жағдайы және туберкулезден дамитын 1,5 миллион өлім тіркеліп отыр. Науқастанған адамдардың 95%-ы кіріс деңгейі орташа немесе төмен елдерде тұрады.   

    Туберкулездің клиникалық түрлері бөлінеді: 

    • балалар мен жасөспірімдер туберкулезі;
    • тыныс алу мүшелерінің туберкулезі;
    • басқа да мүшелер мен жүйелердің (сүйек, тері, бүйрек, көз, ми және т.б.) туберкулезі.

    Диагностикасы

    Туберкулез қоздырғышы қақырықты микроскопиялық тексеру кезінде анықталады.  Дәрігер-фтизиатрлар диагнозды нақтылау үшін өкпенің рентген суретін және флюорографияны қарайды.  Балаларда инфицирленуді анықтау үшін Кеңес Одағынан кейінгі аймақтарда Манту сынамасы қолданылады: теріге қоздырғыштың антигені енгізіледі және тезарада дамитын реакция (ісіну және диаметрі 10 мм-ден артық қызару, жараның пайда болуы) ағзаның бактериямен белсенді түрде байланысқанын көрсетеді.  Алайда оң Манту сынамасы адамның міндетті түрде туберкулезбен ауыратынын білдірмейді.

    Туберкулездің клиникалық белгілері

    Өкпе туберкулезі жиі симптомсыз өтеді, сондықтан профилактикалық қарап тексерілуден өту керек және жыл сайын флюорография жасаған абзал. 

    Әдетте өкпе туберкулезіне тән:

    • жөтел;
    • тершеңдік, әсіресе түнде;
    • субфебрильді (жоғары емес, 37-37,5 градус) температура;
    • әлсіздік, шаршағыштық, апатия, бозғылттық;
    • салмақ жоғалту;
    • лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

    Емі

    Туберкулезді емдеу үшін арнайы дәрілік препараттар жасалынған. Олар микобактерияның, яғни Кох таяқшасының  тіршілігін тоқтатады.   Бұл препараттардың тиімділігі жеткілікті, әсіресе аурудың ерте кезеңінде өте тиімді.  Алайда микобактерияның құрылыс ерекшелігі оның дәріге жоғары төзімділігін түсіндіреді.  Осылайша, стрептомицинді ашқаннан кейінгі алғашқы 10 жылда  бұл препарат 100 пайыздық емделуді қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта бұдан да күшті антибактериалды препараттар туберкулездің мультирезистентті (әр түрлі препараттарға төзімді) түріне әсер ете алмайды. Сондықтан фтизиатрлар  3-5 дәрілерді біріктіріп тағайындайды.  

    Осыған орай туберкулез емінде жүйелілік, фтизиатрдың тағайындауларын бұлжытпай орындау өте маңызды. Дәрілерді қабылдаудағы үзіліс көп жағдайда аурудың антибиотикке төзімді түріне ауысуына әкеледі. 

    Бұдан басқа емдәмді ұстану, физиотерапевттік шараларды, ЕДШ, тыныс алу гимнастикасын  қолданудың  маңызы өте зор.   

    Ауруды кеш кезеңінде анықтағанда өкпенің бір бөлігін немесе толықтай мүшені алып тастау үшін хирургиялық ем қажет болуы мүмкін.

    Алдын алуы

    Туберкулез — өте жұқпалы, әлеуметтік маңызды ауру. Сондықтан барлық мемлекеттер осы аурудың эпидемиясымен күресу үшін барлық шараларды қолданып отыр.  Қазақстанда жаңа туған нәрестелер мен 6-7 жасқа толған балаларға  туберкулез бактериясының әлсіздендірілген штаммын  - БЦЖ (Кальметт — Герен бацилласы) екпесін жасайды.  Бұл туберкулез ауруына қарсы иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.   

    Жұқтыруды (мысалы, манту реакциясы көмегімен) анықтаған жағдайда химиопрофилактика (препараттарды қабылдау) тағайындалады. 

    Туберкулездің алдын алуының жалпы шараларына салауатты өмір салтын ұстану, құнарлы, дәрумендер мен пайдалы заттарға толы тамақтану, жақсы тұрмыс тіршілігі, таза ауада ұзақ серуендеу жатады.  Темекі шегуден бас тарту да аса маңызды. Өйткені темекі шегетін адамдар АИВ жұқтырғандар мен қант диабетімен ауыратын адамдар сияқты туберкулез бойынша қауіп-қатер тобына кіреді. 

    Асқынулары:

    • инфекциялық-токсикалық шок;
    • қан қақыру мен өкпеден қан кету;
    • кенеттен пневмоторакс;
    • өкпе-жүрек жеткіліксіздігі (созылмалы өкпелік жүрек);
    • ішкі мүшелердің амилоидозы.

    Туберкулездің себептері

    Ауру қоздырғышы – ауа-тамшылы жолмен және тұрмыстағы заттар арқылы адамнан адамға, жануарлардан адамға тарайтын туберкулез микобактериясы немесе Кох таяқшасы. Туберкулез бактериясы өте тұрақты, аса жоғары температураның және агрессивті заттардың әсерінен өледі. 

    Бұл ауруға АИВ жұқтырған, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары бар, лас, ылғалды бөлмелерде тұратын адамдар шалдығады. Туберкулез  түрмелерде өте кең тараған.