Шымкент
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00
0

Паникалық (үрейлі) шабуыл деген не және оны қалай жеңуге болады?

Психолог Ольга Сон үрейлі шабуылдар мен үрейлі бұзылыстар туралы әңгіме өрбітеді, кім және қалай емдеу керектігін түсіндіреді және өз-өзіне көмек көрсету бойынша кеңес береді. 

Эпидемия және еріксіз оқшаулану кезінде адамдарда көптеген психологиялық проблемалар үдей түседі. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні  - паникалық шабуылдар. Жағымсыз көріністерден қалай арылу керектігі туралы тәжірибелі психолог Ольга Сон кеңес береді.

Барлығынан хабардар болыңыз.

Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.

- Ольга Владимировна, үрейлі шабуыл мен қарапайым үрейленуді қалай ажыратуға болады?

- Қарапайым, қалыпты үрейдің негізделген себептері болады. Мысалы, емтихан, сұхбаттасу, той алдындағы үрей. Үрейлі (паникалық) шабуыл – бұл негізсіз үрей мен қорқыныш жағдайы. Мұндай жағдай жиі өлімнен қорқу және қатты физикалық вегетативті белгілермен көрінеді.    

- Үрейлі шабуыл мен истериканың арасында қандай айырмашылық бар?

- Истерика – нақты сыртқы тітіркенгішке аса жоғары эмоционалдық реакция. Истерикаға эмоцияның кең спектрі кіреді: ашу қысу, ызалану, әділетсіздік сезімі, реніш, абыржу. Истерика ешқашан физикалық көріністермен қатар жүрмейді. Ал үрейлік шабуыл физикалық, тәндік симптомдармен қатар жүреді. 

- Паникалық шабуылды қалай анықтауға болады?   

- Паникалық шабуыл – қысқа уақытта болатын және жүрек қағуы, бас айналу, тершеңдікпен қатар жүретін ауыр, азапты үрей ұстамасы. Аяқтары дірілдеу, денесі бір суып, бір қызып, асқорыту жүйесінде бұзылыстар анықталып, қан қысымы көтеріліп, бас ауруы, бас айналу белгілері, яғни әр түрлі вегетативті симптомдар байқалады.  

- Үрейлік шабуылдар қайдан пайда болды және не себепті қазір олар өте жиі кездеседі?  

- Адамдарда эволюция барысында осындай реакция қалыптасқан. Биологиялық көзқарас бойынша бұл стресс гормондары – кортизол, адреналиннің бөлінуі болып табылады. Олар қан айналысын күшейтіп, өмірімізге қауіп төндіретін қатерлерден қашып құтылуға мүмкіндік беретін күш-жігерімізді жұмылдырады. Яғни бұл - ағзаның қорғаныш реакциясы.  Уақыт өте келе әр түрлі себептерге байланысты бұл жүйе істен шығуы мүмкін. Жинақталған стресс, эмоционалдық сарқылу, тұқымқуалаушылыққа бейімділік, мазасыз - күмәншіл   мінез, тәрбие ерекшеліктері, отбасылық менталитет, өмір сүру салты, физикалық аса көп жүктемелер және тағы басқа себепші фактор болуы мүмкін. Адамдар еңбек, демалыс, тамақтану гигиенасын сақтамайды, өздерінің эмоционалдық және психикалық денсаулығына мән бермейді. Сонымен қатар үрейлі жаңалықтар, коронавирус пандемиясы қосарланады. Үрейлік пен күмәншілдікке жақын адамдарда үрейлі шабуылдар жиі кездеседі. 

- Үрейлі шабуылдарға гендерлік бейімділік бар ма? 

- Негізінен көмекті жиі әйелдер сұрап келеді. Бірақ ер адамдар да аз емес, олар тек көмек сұрамайды, ішімдік, спорт, жұмыс, бизнес арқылы мәселені өздері  шешуге тырысады.   

- Үрейлік бұзылыстар – бұл дербес ауру ма?   

- Үрейлік (паникалық) бұзылыстар – бұл ауру емес, тұлға, мінез бұзылыстары, мінездің ерекшелігі. Үрейлі шабуылдар әрбір адамда болуы мүмкін. Тек барлығы оның шабуыл екенін білмейді немесе аса көңіл аудармайды. Паникалық шабуылдар бір реттік, яғни  ұстама, жеке эпизод ретінде болуы мүмкін. Ал үрейлік (паникалық) бұзылыстар – бұл аса маңызды ауру. Үрейлік бұзылыстар кезінде үрейлік шабуылдар үнемі қайталануы мүмкін. Адам мұндай жағдайды біледі және шабуылды күтеді, ол басталады деп қатты қорқады. Оның тәртібі өзгере бастайды. Мысалы, адамда сауда орталығында жүрек талмасы болған, басы айналып, аяқтары мақтадай болып, өлімнен қатты қорқып қалған. Ол автоматты түрде үрейлі шабуылды сауда орталығымен байланыстырып, онда қайта бармауға шешім қабылдайды. Өлімнен қорыққаны соншалық, ол барлық сауда орталығына бармайды. Ал біраздан соң тіпті үйден де шықпай қоюы мүмкін. 

- Үрейлі шабуылдар мен бұзылыстарды кім емдеу керек? 

- Үрейлік бұзылыстарды психотерапевт емдеу керек. Дәрігерлер жиі осындай науқастарды психиатрларға жібереді, сөйтіп оларды одан әрі қорқытады. Әдетте психиатрлар антидепрессанттар немесе транквилизаторларды тағайындайды. Бірақ олар ауруды емдемейді, тек қана симптомдарды жояды.  Бұл тұмау кезінде мұрынға тамшы тамызғанға ұқсас. 

Сонымен қатар тағы бір үлкен мәселе бар. Бұл - дәрігерлердің үрейлі шабуылдарды дұрыс анықтай алмауы. Мұның бәрі осындай науқастарды жалған аурулардан қате емдеуіне әкеледі. Адам ең алғаш үрейлік шабуылды басынан өткергенде бірден емханаға барады. Терапевт қарап тексеріп, әр түрлі сараптамалар тағайындайды. Бірақ ауруының себебін анықтай алмаған науқастар жылдар бойы әр түрлі дәрігерлерге қаралып, көптеген сараптамалар жасатуы мүмкін.  Дәрігерлер мұндай науқастарға жиі «вегето-қантамырлық дистония» (ВҚД) диагнозын қояды және сәйкес ем тағайындайды.  Бірақ  ВҚД диагнозы аурулардың халықаралық жіктелуінде (АХЖ) жоқ! Осындай науқастар жылдар бойы дәрілер ішеді, массаж, физиоем және дәрумендер қабылдайды,  қан тамырлары мен жүрегін емдейді.  Бірақ осының бәрі олардың жағдайын жеңілдетпейді. 

- Ал психолог қалай көмектесуі мүмкін?

- Психолог немесе психотерапевт адамның ойымен, эмоциясымен жұмыс істейді. Адамды тұлға, мінез деңгейінде өзгертеді. Шын мәнінде адам өзі үрейлі шабуылды туындатады. Мұндай адамдар негізінен көретіні қауіп-қатер емес, өздерін қорқытатын белгілі бір оқиға туралы қиялдап, үрейлі шабуылды шақырады. Мысалы, қазіргі уақытта пандемия, тыныс жеткіліксіздігінен болатын өлім туралы кез келген жаңалық барлығы өлуі мүмкін деген қорқыныш сезімін тудырады 

- Үрейлі шабуылдар мен бұзылыстарды емдеу әдістері қандай? Олар тиімді ме? 

- Үрейлі шабуылдарды когнитивті - мінез-құлықтық  терапия арқылы емдейді. Бұл әдіс - барлық әлемде қолданылатын, дәлелденген, ең тиімді техника. Паникалық шабуыл 100% емделеді. Тек бір ғана шарт орындалу керек. Науқастың өзінің емделуге деген құлшынысы болу қажет. Өз ойын, мінез-құлығын өзгерту – бұл өте қиын. Бұған өте көп уақыт кетеді, психотерапияның кем дегенде 20 сессиясы қажет болады.  Бірақ тағы айта кетейін, психотерапевттің көмегі керек екенін дер кезінде анықтамаса, мұндай науқастар жылдар бойы жүрек аурулары, жоғары қан қысымы, остеохондроз сияқты аурулардан емделеді. Көп мөлшерде ақшаларын әр түрлі сараптамаларға, қарап тексерулерге  жұмсайды.  Менің тәжірибемде жалған ауруды емдеуге  2 жылда 2 миллион теңге жұмсаған науқас болған. Сондықтан осымен салыстырғанда психотерапевтте 20 сессия өту анағұрлым арзанырақ болады.      

- Үрей ұстамасы басталды – не істеу керек? Үрейлі шабуылдар кезінде өзіне көмек көрсету әдістері бар ма?   

- Ұстама әрқашан өлімнен немесе ақылынан айырылу қорқыныш сезімімен қатар жүруі мүмкін. Бірінші кезекте адам бір нәрсені ұғыну керек. Ешкім үрей ұстамасынан өліп кетпейді. Екіншіден, көңілді басқа нәрсеге аударуға тырысу керек. Мысалы, көзінің қиығын  басқа жаққа бұру, көріп тұрған заттарды санау, су ішу, жуыну, тыныс алу техникаларын қолдану.

- Егер үрейлі шабуылдың бірінші жағдайы туындаса, неге дайын болу керек? 

- Үрейлік шабуылды дайындалып күтудің қажеті жоқ. Бұл үрейді одан әрі өршітіп, ұстаманы қоздыруы мүмкін. Егер үрейлік шабуыл басталса, біріншіден, ешкім ешқашан мұндай жағдайдан өліп кетпегендігін ойлау керек. 

Егер сіз үрейлік шабуылдың өзіңізде болғанын байқасаңыз, психолог немесе психотерапевтке қаралу керек.  Бұл ерте кезеңде өте жақсы емделеді. 

Үрейлік шабуыл – бұл сіздің ағзаңыздың дабылы: сіздің өміріңізде өзіңізге ұнамайтын жайттар орын алып жатыр. Ішкі қақтығыс жүріп жатыр, «мен өзім қалағандай өмір сүріп жатқан жоқпын» деген ішкі ой болады. Әзірге сіз себептерді анықтамасаңыз, үрейлі шабуылдар жалғаса береді, фобияға, ипохондрияға, обсессивті-компульсивті бұзылыстарға (ОКБ) айналады және жағдайды одан әрі қиындатады.    

- Пандемия адамдардың жағдайына қалай әсер етті? 

- Коронавирус пандемиясы үрей вирусын туындатты, үрейлік шабуылы бар адамдар саны күрт артты, үрейлік жағдай ұстамаларды ұшықтырды. Бұдан басқа, үреймен қатар жүретін әр түрлі аурулар да қоза бастайды. Мысалы,  социофобия – тілдесуден қорқу. Осындай адамдар өздігінен оқшаулануға шақырған кезде өз үрейлеріне дәлел табады және олардың жағдайлары одан әрі нашарлайды. ОКБ бар науқастар да өз үрейлеріне дәлел тауып, мысалы, қолдарын одан әрі жиі жуа бастайды. Өлімнен қорқу – үрейлік шабуылдың шешуші индикаторы, алайда, тағы қайталап айта кетейін, бұл қорқыныш тек науқастың басында ғана болады. Шын мәнінде үрейден ешкім қайтыс болмайды.

- Егер Covid-19-пен ауырып қалсаң, өздігінен оқшаулануда болсаң және үрейлі шабуылдар дамыса не істеу қажет?  

- Ұйқы режимін сақтау, сапалы тамақтану, жаңалықтар қарамау, өзіне сандық детокс жасау,  жағымды сәттерді табу, сүйікті іспен айналысу керек. 

Егер сіз үрейлік шабуылдармен күресе алмасаңыз, онда психотерапевттің онлайн-кеңесі сізге кез келген жерде қолжетімді болады. 

- Туысқан немесе таныс адамдарда үрей ұстамасы болған жағдайда қалай әрекет ету керек? Қалай көмектесу қажет? Үрейлік шабуыл екенін оған қалай түсіндірген жөн? 

- Дәрігерлер деніңіз сау деп айтса да, әлдеқандай аурулардан жылдар бойы емделіп жүрген адамдар өз туысқандары мен достарынан қолдау таппайды.   Олар сылтауратып жатыр деген күдік туындауы мүмкін. Шын мәнінде оларға қолдау керек. Мұндай адамдарға үрейлік шабуылды анықтауға көмектесу қажет. Өз бетімен емделуге болмайды, бұл  көмектеспейді.

Психолог және психотерапевт Сон Ольга Владимировнаның кеңесіне жазылу 3 әдіспен жүзеге асырылады: 

- сайтта өтінім қалдыру,

- бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

- +7 (707) 22 55 009 нөмір бойынша өз бетімен хабарласу.

Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:

Психолог — психотерапевт — психиатр: қалай таңдау керек?

Беліңіз ауырады. Бұл омыртқааралық диск жарығы, остеохондроз әлде артрит пе?

Ағзамызда паразиттердің бар-жоғын қалай білуге болады?

«Ақыры мен өз дәрігерімді таптым!» қыркүйек айының үздік дәрігері