• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Оставить заявку
  • Аллергия (қазақша)

    Аллергия – бұрын ағзаға әсер еткен заттарға иммунды жүйенің жоғары сезімталдығы. Ағзаның бөгде затқа қалыпты жауап қайтаруының аллергиялық реакциядан айырмашылығы тек тітіркендіргіш затқа иммунды жауаптың күштілігі мен бірегейсіздігінде болып табылады.   

    Аллергиялық реакцияның механизмін қысқаша былай түсіндіруге болады. Бірінші кезеңде ағза бөгде затпен (антигенмен)  байланысып, оған қарсы антиденелер өндіре бастайды. Бұл сезімталдану (сезімталдықтың қалыптасуы) деп аталады. Кейде антидене түзілген уақытта антиген ағзадан шығып кетеді, соның нәтижесінде реакция болмайды. Бірақ ол міндетті түрде антиген ағзаға қайталап түскен кезде болады. Антиденелер антигенді шабуылдап, оны жоюға тырысады және «антиген-антидене» кешенін түзеді. Бұл кешендер көптеген тіндерде болатын мес жасушаларын зақымдайды. Мес жасушаларынан қанға «гистамин» бөлінеді. Ол ағзалар мен тіндердің зақымдануын (аллергияға қарсы дәрілерді «антигистаминді» деп атайды) шақырады.  

    Барлығынан хабардар болыңыз. Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.

    Кез келген заттар аллерген болуы мүмкін. Мысалы, шаң, пластмасса, зең және саңырауқұлақтың басқа да түрлері,  гельминттер (құрттар), жүн, қауырсын, сілекей, тер, жануарлар мен құстардың нәжісі, кенелер, тарақандар мен басқа да жәндіктер, өрмекшілер, өсімдіктер тозаңы, кез келген азық-түліктер (әсіресе балық, сүт, жұмыртқа, құлпынай, шоколад, цитрус, жаңғақтар), дәрілер (пенициллин, сульфаниламидтер, новокаин), сонымен қатар күн сәулесі, ызғар, жел, қорқыныш және т.б. Соңғы кезде шәуетке аллергиялық реакция жиі кездеседі. 

    Шынайы аллергиямен қатар дәрігерлер жалған аллергияны (идиосинкразия) анықтайды. Жалған аллергияның көріністері шынайы аллергияның көрінісіндей болады. Олар тек механизмі бойынша ерекшеленеді.  Жалған аллергия кезінде иммунды жүйе қатыспайды. Жалған аллергияның себебі бауыр аурулары (гепатит, цирроз, өт-тас ауруы) да болуы мүмкін.   

    Клиникалық белгілері

    Аллергияның сыртқы көріністері әр түрлі болады. Түшкіру, мұрыннан су ағу, жөтел, ісіну, бронхтардың тарылуы, ысқырықты тыныс, ентігу, естудің нашарлауы, бөртпелердің барлық түрі, күлбіреу, қышу, теріде күйдіру сезімі, іш өту, капиллярлардың кеңеюі, қалтырау, дене қызуының жоғарылауы, солғындық, қызару, бас ауруы сияқты белгілер болады. Тежелу немесе, керісінше, қозу болуы мүмкін.  

    Аллергияның ең қауіпті көрінісі – анафилактикалық шок (анафилаксия). Бұл - ағзаның аллергенге шұғыл жауабы. Анафилактикалық шок бірнеше секундтан бес сағатқа дейінгі уақыт ішінде дамиды. Бөгде затты енгізу орнында ісіну, қызару, ауру сезімі, дененің көп бөлігіне тарайтын қышу белгілері байқалады.   Аллерген тыныс алғанда түссе немесе оны жұтқан кезде тыныс алу қиындайды, ауыз қуысы мен көмейдің жылдам ісінуі болады. Құсу, лоқсу, іш аймағында ауру сезімі байқалуы мүмкін. Анафилактикалық шоктың жалпы белгісі - артериалды қан қысымының күрт төмендеуі. Бұл әлсіздікті, солғындықты, естен тануды, коллапсты шақырады. 10-20% жағдайда анафилактикалық шок науқастың өлімімен аяқталады.   

    Көп жағдайда емшектегі балаларда аллергия терілік бөртпелер, қышу, қызару және қабыршақтанумен көрінеді. Бұл жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.  Өйткені аллергия асқорыту және тыныс алу мүшелерін (мұрыннан су ағу, түшкіру, ысқырықты тыныс, тұншығу) зақымдауы мүмкін. Құсу, іштің кебуі, іш қату немесе іш өту, іштегі қатты ауыру сезіміне байланысты қатты жылау да аллергияға күдік туғызады.Айта кететін жайт,   көп тараған «диатез» түсінігі аллергия дегенді білдірмейді, аллергияға бейімділіктің бар екендігін айқындайды. 

    Диагностикасы

    Аллергиялық аурулардың диагностикасында қарап тексеру мен сұрастырудан басқа дәрігер-аллерголог IgE (иммуноглобулин Е) антиденелеріне қан талдауын тағайындайды және аллергендерді анықтау үшін арнайы сынамалар қолданады.

    Терілік сынамалар екі әдіспен жасалады: инемен шаншу (прик-тестілеу) немесе тырнау (скарификациялық сынама). Аллергеннің аз мөлшері теріге, жиі қолға немесе арқаға жағылады. Егер аллерген жағылған жер қызарып және ісінетін болса, онда сынама оң деп есептеліп, науқасқа осы аллергенмен жанасуды жою ұсынылады.  

    Апликациялық сынаманың да механизмі осыған ұқсас. Аллерген вазелин немесе парафинмен араластырылып, арнайы пластинкаға жағылады.  Пластинканы теріге қойып, 2 тәулікке қалдырады. Одан кейін апликация алынып, ал теріні реакцияның бар жоғын анықтау үшін қарап тексереді. 

    Егер жоғарыда айтылған әдістер ешқандай нәтиже бермесе, ауруханада араңдатушылық сынама (аллергеннің аз мөлшерін ағзаға енгізіп, реакциясын бақылау) тағайындалады. Сонымен қатар элиминациялық сынама қолданылады. Бұл кезде болжам аллерген аластатылып, науқастың жағдайы қалай өзгеретінін бақылайды. 

    Алғашқы көмек

    Аллергия кезінде алғашқы көмек өте маңызды. Әсіресе анафилактикалық шок кезінде маңыздылығы өте жоғары. 

    Жеңіл аллергиялық реакция кезінде аллергенмен жанасу болған жерді сумен жуып, қышу және күйдіру сезімі болған кезде суық компресс қойылады. Жәндіктер шаққан жерді анықтап, оның уын дереу алып тастау керек. Одан кейін антигистаминді дәрі қабылдау қажет. Әрине, аллергенмен алдағы қатынасты жою керек. 

    Егер жоғарыда айтылған шаралардан кейін жағдай өзгермей немесе керісінше нашарласа, шұғыл дәрігерге қаралған жөн.  

    Ауыр белгілер (анафилаксияны қараңдар) кезінде  дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Егер науқастың есі анық болса, антигистаминді дәрі (дұрысы— инъекция жасау) беру керек. Науқасты жатқызып, тыныс алуын жеңілдетіп, құсу белгілері байқалса, бір қырына жатқызған жөн. 

    Егер тыныс алу мен жүрек соғуы болмаса, жедел жәрдем келгенше реанимациялық шараларды жүргізу (жасанды тыныс, жүректің тікелей емес массажы) қажет. 

    Емі

    Аллергияны емдеу аллергенмен қатынасты жоюдан басталады.  Аллергияның белгілерін басуға бағытталған антигистаминді препараттарды тағайындайды. Аллергияға қарсы препараттардың басым бөлігінің жанама әсерлері (ұйқышылдық, ауыз қуысының кебуі, лоқсу, мазасыздық, бас айналу) болады.   Ауыр жағдайларда гормоналды дәрі-дәрмектер тағайындалады. 

    Аллергияға қарсы дәрілік препараттар таблетка, капсула, шәрбат, гранула, драже, ұнтақ, көктамырға және бұлшықетке арналған ерітінді, мұрын және көзге арналған тамшылар, спрей, жақпа май, крем түрінде болады. 

    Емдеудің тағы бір түрі -  иммунотерапия. Бұл аллергияға қарсы «екпеге» ұқсас. Иммунотерапия кезінде ағзаға ұзақ уақыт аллерген енгізіледі.  Біртіндеп бөгде зат мөлшерін көбейтеді. Нәтижесінде антигенге сезімталдық төмендейді немесе тіпті жойылып кетеді. 

    Себептері

    Қазіргі уақытта аллергияның тұқымқуалаушылыққа бейімділіктен басқа анықталған себептері жоқ. Анасында аллергия болса, балаға 20-70 % жағдайда, ал аллергик-әкеден 10-40% жағдайда аллергия беріледі.  Сәйкесінше ата-анасының екеуінде аллергия болса, онда балада аллергияның болуы 80% құрайды. 

    1980 жылдардың соңында ағылшын эпидемиологы Дэвид Страчан мынадай теория ұсынды. Гигиенаны сақтау адам ағзасының көптеген аллергендермен байланысуын қысқартты, бұл өз кезегінде иммунды жүйеге жеткіліксіз жүктеме (әсіресе балаларда) берді. Адам ағзасы қауіп-қатерге үнемі қарсы тұратындықтан, иммунды жүйе зиянсыз аллергендерге де жауап қайтара бастайды. Страчанның теориясы статистикамен расталады. Көпбалалы отбасының балалары аллергиямен сирек ауырады және «үшінші әлем» мемлекеттерінде бұл ауру сирек тараған.  

    Бұдан бөлек, аллергияның жиі таралуына химиялық өндірістің өнімдерін көп пайдалану себеп болады.  

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен аллергологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.