• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Оставить заявку
  • Пиелонефрит (қазақша)

    Пиелонефрит – бүйректің табақшалары (пиелит),түбекшелері мен  паренхимасын (нефрит) зақымдайтын қабынулық ауру.   Пиелонефритпен жиі 3 жасқа дейінгі қыздар, 18-35 жас аралығындағы әйелдер және 70 жастан асқан ерлер ауырады. 60-70 жаста пиелонефритпен әйелдер мен ер адамдар бірдей дәрежеде ауырады.

    Пиелонефриттің жедел және созылмалы, біріншілік пен екіншілік түрлері ажыратылады. Егер бір бүйрек зақымданса бір жақты, ал екеуі зақымданса екі жақты пиелонефрит деп атайды. 

    Біріншілік пиелонефритті инфекциялық ошақтан бүйрекке түскен бактерия шақырады, ал екіншілік  пиелонефрит зәр шығару жүйесінің басқа да ауруларының (мысалы, бүйректегі тас, қуық асты безінің аденомасы) салдары болып табылады.

    Дәрігер-нефролог жүктіліктің екінші жартысында бүйрекке артық жүктеме түскен кезде дамитын жүкті әйелдердің пиелонефритін бөлек қарастырады.

    Созылмалы пиелонефриттің әр өршуі бүйрек тінінің жаңа аймақтарында қабыну үрдісінің дамуына әкеледі.  Нәтижесінде бұл тін өліп, оның орнына тыртық қалыптасады. Осылайша қалыпты қызмет атқаратын бүйрек тінінің көлемі азаяды. Бұл жүре пайда болған созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін және гемодиализ (жасанды бүйрек)  немесе бүйрек трансплантациясын қажет етуі мүмкін. 

    Диагностикасы

     Дәрігер-нефролог немесе уролог жалпы зәр талдауы, Нечипоренко бойынша зәр талдауы, зәрдің бактериологиялық себіндісі, сонымен қатар қанның жалпы және биохимиялық талдауы нәтижесінде «пиелонефрит» диагнозын қояды. Бүйректің УДЗ, экскреторлық урография (контрастпен рентген),  бүйректің КТ мен МРТ белсенді түрде қолданылады. 

    Клиникалық белгілері:

    • дене қызуының қатты жоғарылауы (38-40 градусқа дейін)
    • белдегі ауру сезімі
    • зәрдің лайлануы
    • артериалдық қан қысымының жоғарылауы, әсіресе «төменгі» диастолалық.

    Кең таралған бұл симптомдардан басқа науқастарда жиі көзінің асты ісуі, ауру сезімімен немесе ауру сезімінсіз зәр шығару, зәр шығарудың соңында қанның болуы, сырқырап ауыру, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, лоқсу, құсу байқалады. Балаларда ауру сезімі белде емес, іш аймағында болады. Қарт адамдарда клиникалық белгілері айқын болмайды.  

    Созылмалы пиелонефриттің дамуы еш симптомсыз немесе шаршағыштық, аздап қалтырау, бел аймағында сыздаған ауру сезімі, тершеңдік сияқты белгілермен көрініс беруі мүмкін екендігін ерекше атап өту керек. Науқас бұл белгілерді бүйрекпен байланыстырмайды, ал бұл уақытта бүйректе қайтымсыз өзгерістер жүреді. Көп жағдай артериалды қан қысымының жоғарылауына шағымданған кезде ғана пиелонефрит диагнозы анықталады. 

    Алғашқы көмек

    Пиелонфриттің дамуын көрсететін симптомдар пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралу қажет. Белді қыздыру немесе жақпа май, гельдерді пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Еш уақытта өз бетімен антибиотиктерді немесе антибактериалды препараттарды қабылдауға болмайды. Өз бетімен емделу симптомдарды басып, қабынудың созылмалы түрге ауысуына әкелуі мүмкін.

    Қатты ауру сезімі мен жоғары дене қызуы кезінде тезарада жедел жәрдем шақырту немесе науқасты ауруханаға өз бетімен апару қажет. Жедел пиелонефрит аурухана жағдайында емделеді. 

    Емі

    Дәрігер-нефролог немесе уролог ауруды шақырған қоздырғыш түріне, антибиотиктерге сезімталдығына және басқа да көрсеткіштерге қарай дәрілік препараттар курсын, уыттануды азайту үшін көктамырға дәрі енгзуді, зәр айдайтын дәрілер, дәрумендер және т.б. тағайындайды.  Аса ауыр жағдайда хирургиялық ем қажет болуы мүмкін. 

    Аурудың қайталануын алдын алу үшін физиотерапия, шөптік жинақтар, санаторлық-курорттық ем қолданылады. 

    Пиелонефрит емі кезінде ең маңыздысы емдәм (№7 емдәм): ішетін сұйықтық мөлшерін тәулігіне  2 литрге дейін ұлғайту, қуырылған, тәтті, майлы, тұзды, ащы тағамдардан бас тарту. Тұзды тәулігіне  5 гр немесе одан даз аз қолдану керек.

    Асқынулары

    Пиелонефрит өзінің асқынуларымен өте қауіпті. Соның ішінде:

    • пионефроз (бүйректің іріңді қапқа айналуы);
    • пери- мен паранефрит (бүйрек маңы тінінің қабынуы);
    • уросепсис;
    • жедел және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі.

    Алдын алу

    Ағзадағы инфекция ошағын (баспа, гайморит, тісжегі және т.б.) дер кезінде емдеу,  зәр шығару жүйесінің туа біткен немесе жүре пайда болған патологияларын (бүйректің төмен түсуі, қуық асты безінің аденомасы) мұқият бақылау пиелонефриттің ең алғашқы алдын алу шараларына жатады.

    Жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу, суық тигізбеу, ауа-райына сәйкес іш киім, сырт киім және аяқ-киім кию ұсынылады. 

    Себептері

    Көп жағдайда пиелонефритті клебсиелла, көкіріңді таяқша, ішек таяқшасы, сирек стафилококк пен стрептококк шақырады. Сонымен бірге бүйректегі құм мен тастар, зәр шығару жолдарының ісігі, қуық асты безінің аденомасы, дистопия (бүйректің аномальды орналасуы), бүйректің жоғары жылжымалылығы, қант диабеті қабынудың дамуына әкеледі.

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен нефрологтың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.