Талдыкорган
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00
0

Көру қабілеті туралы бес аңыз: офтальмологтың пікірі

Компьютерлер мен смартфондар көзді бұза ма, көзге гимнастика мен дәрумендер пайдалы ма, көзілдірік немесе линзаның қайсысы жақсы, көзге лазерлік түзетуді қашан жасау қажет?

Көру қабілеті туралы ең тұрақты аңыздарды PhD доктор, тәжірибелі офтальмолог, ота жасаушы хирург, ғылыми мақалалардың авторы, медициналық университеттің оқытушысы  Алмагуль Ораловна Байырханова жоққа шығарады. Ол TopDoc.me үшін көру қабілеті туралы бес ең кең тараған тұжырымдарға талдау жасады. Соңында оқырманды екі бонус күтеді: бірі - жағымсыз, ал екіншісі – жағымды.

Біздің Telegram каналға https://t.me/TopDocKz жазылыңыздар.   

АҢЫЗ 1. Көру қабілеті гаджеттерден бұзылады

- Алмагуль Ораловна, сығырлық (близорукость) компьютерлер мен гаджеттерден дамитыны рас па?   

- Сығырлық гаджеттерден дамиды деп айтуға болмайды. Сығырлық (близорукость) — тұқымқуалаушылық, жүре пайда болған факторлар сияқты көптеген себептерден дамитын полиэтиологиялық ауру. Әрине, гаджеттер сығырлықтың одан әрі күшеюіне ықпал етеді. 

Адам монитор экранына ұзақ уақыт көзден белгілі бір ара-қашықтықта қарағанда, осы мезетте адамда аккомодациялық бұлшықет жұмыс істемейді, бұл бұлшықет жиырылады, аккомодация спазмы дамиды. Егер бұл жағдай күнделікті ұзақ уақыт қайталана беретін болса, онда спазм тұрақты сығырлыққа ауысады.

Егер науқас дәрігерге спазм жаңадан қалыптаса бастағанда келсе және аздаған минус анықталса, онда емнен кейін көру қабілеті қалпына келуі мүмкін. 

- Аккомодация спазмы туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? 

- Аккомодация спазмы – бұл аккомодациялық немесе цилиарлық бұлшықеттің жиырылуы. Цилиарлық бұлшықеттен өсінділер шығады, оларға көзбұршағының байламдары бекітіледі. Көзбұршағы осы байламдарда ілініп тұрады. Цилиарлы дене жиырылғанда және босансығанда, сәйкесінше көзбұршағының қисықтығы өзгереді. Ол қалыңдайды және жайпақталады. Осыған байланысты біз жақыннан да, алыстан да көре аламыз. Бұл үдеріс Гельмгольц теориясына сәйкес аккомодация үдерісі деп аталады. 

Адам телевизор, гаджет немесе компьютер экранына бір ара-қашықтықта ұзақ қараса, бұл бұлшықет көзбұршағының қажетті қисықтығын жасау үшін жиырылады. Осындай қалып ұзақ уақыт өзгермейді. Адам алысқа қараған кезде, фокустандыру жұмыс істемей қалады, ол бәрін бұлдырланып көреді. Қарап тексергенде бұл минустың пайда болуымен көрінеді. Егер осы кезеңде бұлшықетті босаңсытса, онда көру қабілеті қалпына келеді.  

- Гаджеттер көру қабілетіне тағы қалай әсер етеді? 

- Гаджеттер мен компьютерлер аздаған сәулелендіруге ие.  Бұл да көзге зиян. Бұдан басқа біз компьютер алдында жұмыс істегенде немесе смартфонға қарағанда, біз назар саламыз және жыпылықтамаймыз. Бұл көздің кебуін шақырады, құрғақ көз синдромы дамиды. Жыпылықтау кезінде көздің шайылуы және сулануы жүзеге асырылады. Көздің құрғақтығы көз рефракциясына жанама әсер етеді. Жас үлдірі аз да болса сындырушы орта болып табылады. 

Қашықтан оқуға ауысқаннан кейін менің қабылдауымда көру қабілетінде еш проблемасы болмаған балалар саны көбейді. Бір жылдық қашықтан оқудан кейін оларда не спазм, не тұрақты сығырлық анықталып отыр. 

АҢЫЗ 2. Көзге арналған гимнастиканың пайдасы жоқ

- Бұрынғы уақытта сығырлық кезінде көру қабілетін көзге арналған гимнастика жақсартады деп есептелетін. Ал қазір оның пайдасы жоқ дейді.

- Менің пікіріммен көптеген әріптестерім келіспеуі мүмкін. Алайда мен көзге арналған гимнастика тиімді деп есептеймін. Мен көптеген науқастарды, соның ішінде балаларды бақылаған кезде осыған көзім жетті. Мен барлық балалар мен ересектерге гимнастиканы тағайындаймын. Гимнастиканы үнемі жасау керектігіне назар аудартамын. Егер гимнастиканы тұрақсыз жасаса, әрине, оның әсері болмайды. Мен жаттығуларды тәулігіне 3 рет 15 минут жасауды ұсынамын. Бұдан кем болмауы керек. Науқасқа немсе баланың ата-анасына көзге арналған гимнастиканы жасауда тұрақтылықтың, өзіндік тәртіптің қаншалықты маңызды екенін жеткізу керек. Өзімнің науқастарымды осыған сендіргенде, нәтиже әрқашан оң болады. Тіпті кейде таң қалдырады.  

Мұндай гимнастика не береді? Көзге арналған жаттығулар – бұл көзді горизонталь, вертикаль, диагональ бойынша, айналдыра қозғалту, яғни көзді қозғалтатын бұлшықеттің жұмысы екенін барлығы біледі. Дененің басқа да бұлшықеттері сияқты көз бұлшықеттерін де жаттықтыруға болады. Осы бұлшықеттерде қан тамырлары мен жүйкелер бар. Сондықтан жаттығулар нәтижесінде қан айналысы жақсарады, сәйкесінше иннервациялану да жақсарады. Әрине көздің барлық құрылымында емес.

Көзді қозғалтатын бұлшықеттерді ынтамен, көз ауырғанша жаттықтыру керек. Мен науқастарға: «Егер ең алғашқы кезде жаттығулар барысында көзде ауру сезімі болса, онда барлығын дұрыс орындап жатырсыңдар», - деп айтамын.  

Менде осындай мәселемен көптеген балалар бақыланады. Мен оларға бұлардың бәрінен басқа көзге арналған гимнастика кіретін тағайындаулар беремін. Сонымен қатар жалпы қимыл-қозғалыс белсенділігі керек. Спортпен шұғылдану қажет. Бала күні бойы отырмауы керек. Өйткені бұл жағдайда мойын спазмдалады, бастың қан айналысы нашарлайды. Бұл кезде көру қабілетінің қандай  жақсаруы туралы айтуға болады?  Көру қабілетіне ең пайдалы спорт түріне жүзу және йога жатады. 

Егер бала барлық тағайындауларды орындаса, 3 айдан кейін бақылаулық қарап тексеруде көру қабілетінің жақсарғанын көреміз. Минус айтарлықтай азаяды немесе минус сақталса да, бала бірінші қабылдаудағыдай 70% емес,  100% көре алады.  Балалардың өздері жақсы көре бастағандарын айтады. 

- Жаттығулардан басқа тағы не тағайындайсыз?

- Гимнастика, гаджеттерді қолдану уақытын азайту, таблетка түрінде және көзге арналған тамшы түрінде дәрумендік терапия тағайындалады.  Сонымен қатар мен күніне 1 стақан сәбіз шырынын тағайындаймын. Оған міндетті түрде жарты шай қасық сары май немесе күнбағыс майын қосу қажет. Өйткені сәбіз шырынының элементтері – каротиноидтар, А дәрумені – майлы ортада жақсы сіңіріледі.   

Әрине, мен жоғары дәлелдік базасы бар клиникалық зерттеулер жүргізген жоқпын, алайда өз тәжірибемде көптеген науқастарымда мұның тиімдлігі жоғары екеніне көзім жетті.

АҢЫЗ 3. Көру қабілетін лазерлік түзету көз үшін қауіпті

Сығырлықтың лазерлік түзетуі қауіпті ме? Мүмкін ешқандай кірісулердің қажеті жоқ шығар? 

- Бұл отадан қорқудың қажеті жоқ. Бұл ота көптеген адамдардың өмірін жақсартты. Оларды көзілдірік немесе линза тағудан арылтты. Коррекцияның барлығы түрі Қазақстанда қолжетімді. Сондықтан шетелге барудың да қажеті жоқ.

Қазіргі уақытта көз хирургиясының лазерлік түрі өте жоғары дамыған. Қателіктер минимальды деңгейге дейін азайтылған. Адами фактор жоқ, барлығын аппарат жасайды. Адамның рөлі – отаға дейін есептеуді дұрыс жасау. Олар лазерлік аппаратқа енгізіледі. Осы аппарат өзі сиқырлы процедураны жасайды. Осыдан кейін адам бірден жақсы көре бастайды.  

Отадан кейін сығырлық (миопия) қайта оралады деген пікір бар. Отаның бұл түрі адамның көзілдірік немесе линза тағудан арылтатын эстетикалық хирургия екеніне назар аудартқым келеді. Бұл ем емес. Бұл отаның басқа ешқандай қызметі жоқ.  Сығырлық науқаста қалай болды, солай қала береді.  

Неліктен екенін түсіну өте маңызды. Сығырлық кезінде көз құрылымы өзгереді. Көз жылдар өте келе алдыңғы-артқы өлшемде ұлғаяды. Көздің барлық тіндері мен қабықтарының, яғни көздің ағы, тамырлары, көз торының созылуы болады. Көз торы ең жұқа қабық болғандықтан ең көп зардап шегеді. 

Көздің созылуы кезінде көз тінінің, соның ішінде көз торының қоректенуі нашарлайды. Гипоксиялық үдерістер дамиды, сондықтан миопиясы бар науқастарға тек көзілдірік тағайындап қоймай, көз торын дегенеративті өзгерістерге, үзілулерге тексеру қажет.  Циклоскопияны жылына кем дегенде 2 рет өту керек.  Сонымен қатар көзді қоректендіруге бағытталған емді жылына екі рет алу керек. Ал егер үзілулер болса, онда лазермен көз торын нығайту керек.   

Көру қабілетін лазерлік түзету адамды осы өзгерістерден құтқара алмайды. Яғни көз қалай өседі, солай одан әрі өсе беруі мүмкін. Көз ұлғайған сайын минус та ұлғая береді. Егер отадан кейін көз бұрынғыдай өсетін болса, онда белгілі бір уақыттан кейін минус та қайта пайда болады. Отаға дейін болған минустай болмауы әбден мүмкін. Мысалы, егер отаға дейін минус 6 болса, онда отадан кейін, әрине, егер бұл қатерлі тез үдемелі миопия болмаса, минус 6  дейін өсуі екіталай болады.  Тағы бір айта кететін жайт, қайта лазерлік түзету жасауға болады. Бірақ бірнеше тексерулерден кейін ғана жүзеге асырылады.   

Мен науқастарға мынадай ескерту айтамын: егер сіз көру қабілетіне лазерлік түзету жасауға шешім қабылдасаңыз,онда көзге арналған гимнастиканы жасауды тоқтатасыз, компьютер алдында үзіліс жасамай  қанша уақыт қаласаңыз да отырмайсыз. Егер осы ережелерді сақтамаса, онда минустың белгілі бір уақыттан кейін қайта оралу мүмкіндігі өте жоғары. Отадан кейін барлық жағдай жасап, осы күйді сақтап қалу керек. 

- Көз алмасының ұзаруын тоқтатуға болады ма?  

- Әрине, әдістемелер бар. Бірнеше жыл бұрын склеропластика жасалатын. Бұл - көз одан әрі өспеу үшін көздің артқы полюсін склерамен нығайту. Осы емдеу әдісі ұзақ мерзімді жақсы нәтижелер көрсеткен. Алайда қазіргі таңда бірнеше мемлекетте бұл әдістен бас тартты. Себебі көзге қауіпті ота болып есептеледі және айтарлықтай тиімді емес деген шешім қабылданды.  Бірақ менің қабылдауыма балалық шағында осындай ота жасаған науқастар келеді. Оларда үдеріс тұрақтандырылған.  Бұл ота минустың өсуін тоқтатқан. 

- Көру қабілетіне лазерлік түзетуді 20 жасқа дейін жасау ұсынылмайды. Бұл немен байланысты? 

- Көз осы жасқа дейін физиологиялық өседі.  Егер отаны мерзімінен бұрын жасаса, онда көз онсыз да алдыңғы-артқы өлшемде өсе береді. Сондықтан офтальмологтар 19-20 жасқа толуын күтуді ұсынады.  

- Әйелдерге лазерлік түзетуді босанғаннан кейін жасауға болады деген пікір бар.   

- Сығырлығы бар қыздарға ота жасау уақытын дұрыс таңдаған жөн. Бұл міндетті түрде босанғанна кейінгі уақыт болу керектігін білдірмейді. Әдетте біз осы отаны жүктілікке 6 ай бұрын немесе лактация аяқтағаннан кейін 6 айдан соң жасауға кеңес береміз. 

АҢЫЗ 4. Көру қабілетіне арналған дәрумендер пайдасыз

- Көру қабілетін жақсартуда дәрумендер мен ББҚ (биологиялық белсенді қосымшалар) рөлі туралы көптеген кереғар пікірлер бар.

- Препараттарды тағайындау кезінде мен әлемдік ғылыми мәліметтерді негізге аламын. Олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі бойынша жүргізілген клиникалық зерттеулерді талдаймын. Содан кейін мен сеніммен, зияны тимейтінін және пайдасы бар екенін біле тұра, препараттарды тағайындаймын.  

Дәрумендер мен қоректік препараттарды тиімсіз болғандықтан тағайындаудың қажеті жоқ деген пікірмен келіспеймін.Біздің ағзамыз дұрыс қызмет атқару үшін белгілі бір кірпіштерге мұқтаж. Егер көздің дұрыс қоректендірілуі жеткіліксіз болса, көздің қанайналымдық жүйесі, көз торы зардап шегеді. Онда сол қоректік заттардың ағзаға түсуін қамтамасыз ету керек.  Әдеттегідей, тамақ арқылы оның барлығын қамтамасыз ету мүмкін емес, ал препараттарда барлығы қажетті мөлшерде жинақталған. Мен балаларға да, ересектерге де дәрумендік-минералдық кешенді міндетті түрде тағайындаймын.  

Жалпы препараттар, тамшылар, көзге арналған гимнастика, өмір салтын және әдеттерді өзгерту кіретін кешендік тәсілдің тиімділігін объективті де, субъективті де бағалауға болады.   

АҢЫЗ 5. Көзілдірік линзаға қарағанда жақсырақ  

- Миопия коррекциясы үшін көзілдірік жақсы ма, әлде линза ма? 

- Менің тәжірибемнен, линза киетін науқастарда минустың одан ары үдеуі аз болады. Көзілдіріктің де, линзалардың да плюстары мен минустары болады. Күні бойы тағылатын линза көру рефракциясында көмектеседі. Линза толығымен қасаң қабықты жабады, бүйірлік аберрация болмайды. Көзілдірік арқылы адам тек әйнектің ортасымен көреді. Әйнек бүйірінде өзгеше сыну бар. Сол жерде бұрмалану дамиды. Егер адам шетке көзілдірікпен қараса, онда оның көру қабілеті нашар болады. 

Алайда линзаны таққан кезде гигиенаны қатаң сақтау керек. Линзаларға арналған контейнерлерде жиі инфекция дамиды. Контейнерді ағынды сумен жууға болмайды, арнайы ерітінділерді қолдану қажет. Мен контейнерді ыстық сумен шаюды, оны жиі  ауыстыруды ұсынамын. Линзалармен жасалатын іс-шара алдында қолды міндетті түрде жуу керек. Біркүндік линзаны күніне 8 сағаттан артық емес қолданған жөн. Линзамен ұйықтауға болмайды. Сондықтан біз балалар мен жасөспірімдерге линза тағуды ұсынбаймыз. 

-Кейде адамдар көру қабілеті одан әрі және жылдам төмендейді деген қорқыныштан көзілдірік тағуға асықпайды. 

- Көзілдірік көру қабілетін нашарлатады деген  - бұл аңыз. Дұрыс таңдалған көзілдірік көру қабілетін нашарлатпайды және жақсартпайды. Көзілдірік – бұл адамға нақты және еш қиындықсыз көруге қажетті девайс.

Не себепті науқастар көзілдірік таққан соң көру қабілеті нашарлайды деп шағымданады?  Мен әрқашан нақтылап сұраймын: сіздің көру қабілетіңіз көзілдірік таққан кезде нашарлайды ма, әлде оны шешкен соң  нашарлайды ма? Олардың жауабы – көзілдірікті шешкен соң нашарлайды. Бұл - қалыпты жайт. Біз барлығын салыстырмалы түрде қабылдаймыз. Адам көзілдірік таққанға дейін қалай көре алғандығын ұмытып қалады. Шын мәнінде көзілдірікті шешкен кезде сіз оны таққанға дейін қалай көрдіңіз, солай көресіз.

Көзілдіріктен қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, миопия кезінде әсіресе балаларға көзілдірік тағу керек. Балалар дұрыс жетілуі үшін әлемді 100% толық көре алуы керек. 

БОНУС 1

- Көру қабілетіне ковид әсер ете ме?  

- Пандемия кезінде көздің тамырлық патологиясымен, нақты айтсақ, көз торы тамырының тромбозымен шағымданып келетін науқастар көбейді. Бұл патология пандемия кезінде жасарды. Бұрынғы уақытта тромбоз 50 жастан асқан қант диабеті мен гипертониясы бар адамдарда кездескен. Қазіргі уақытта пандемия кезінде осы мәселемен жастар келе бастады. 

Бұл шұғыл жағдай болып табылады, жедел емдеуді талап етеді. Тромб көз торының майда тамырларында түзіледі, қан айналысы нашарлайды, ісіну дамиды, нәтижесінде көру қабілеті күрт төмендейді. Егер тромб көз торының орталық тамырында болса, онда көру қабілеті жоғалады. Барлығы қараңғыланады немесе бұлдырланады. Егер бұл орталық тамырдың бір бұтағы болса, онда көру қабілеті белгілі бір аймақта жоғалады. Науқас бір жерді көріп, бір жерді көрмеуі мүмкін. 

БОНУС 2

- Көру қабілеті мен көз денсаулығын қалай сақтауға болады? 

- Әр жарты сағат сайын компьютерден көңіл сергітіп, көзге 5-10 минуттық демалыс беру керек. Осы уақыт ішінде пальминг жасауға болады: алақанды қыздырып, оны көзге қойып, көз алмасын сәл басу керек. Осылайша бірнеше минут отыру қажет. Бұл өте жағымды процедура болып табылады. 

Сонымен қатар көзге арналған гимнастиканы тәулігіне 3-4 рет 15 минут жасауды ұсынамын. Интернетте көптеген әр түрлі техникаларды табуға болады. Олардың барлығы көздің қан айналысын жақсартуға бағытталған. 

Компьютерде жұмыс істеген кезде ылғалдандырушы тамшыларды пайдаланған жөн.  Көзге арналған консервантсыз ылғалдандырушы тамшылар сіздің үстеліңізде тұру қажет.   

Сонымен бірге көзге арналған дәрумендік-минералдық кешенді де ішіңіздер!

Дәрігер Байырханова Алмагуль Ораловнаның және басқа да офтальмологтардың қабылдауына +7 707 22 55 009  call-орталығына хабарласу немесе сайтта өтінім қалдыру арқылы жазылуға болады.  

Статьи Офтальмология 13 Августа 2021