• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Оставить заявку
  • Депрессия (қазақша)

    Депрессия — жабырқаңқы көңіл-күй, қуана алмау; ойлаудың бұзылуы; қозғалыстың тежелуі сияқты үш негізгі белгімен сипатталатын психикалық бұзылыс. Дегенмен депрессия емделетін ауру болып табылады. Бұл -  өте қауіпті ауру. Депрессиядан болатын өлім көрсеткіші органикалық аурулардан дамитын өлім көрсеткішінен кем емес. Ауру ұзақтығы – 6-8 ай. 

    Кең таралған пікірге қарамастан, депрессия жаңа ауру емес, ежелгі грек папирустарында бұл ауру туралы айтылып кеткен. Депрессияның толық сипаттамасын және емдеудің тиімді әдістерін Гиппократ өз еңбектерінде жазып кеткен. 

    Депрессияға жиі әйелдер мен қарт адамдар шалдығады, бірақ 10-16 жастағы балалардың  5% және жасөспірімдердің 15-40% депрессиялық жағдайға бейім болып келеді.  

    Психиатрияда  «депрессия» (үлкен депрессивтік бұзылыс) термині астарында   тек эмоционалдық фонның ғана емес, биохимиялық үрдістердің, эндокринді жүйенің, адамның биологиялық ритмінің бұзылыстары жатыр.  Сонымен қатар көңіл-күйдің айқын бұзылысы жоқ депрессия нұсқасы болуы мүмкін, яғни депрессия депрессиясыз деп те аталады. 

    Психиатрлар  депрессияның келесі түрлерін ажыратады: кіші (қалай болғанда да 2 белгінің болуы), тез дамитын (2 аптадан артық емес), босанудан кейінгі, атиптік (ұйқышылдықпен, салмақ қосумен, тітіркендіргіштерге жоғары эмоционалдық реакциямен ерекшеленеді)  және т.б.  

    Диагностикасы

    Депрессивті жағдайды анықтаудың негізгі әдісі  - сауалнама және тесттер. Дәлелденген диагностикалық құндылыққа ие «Үлкен депрессия сауалнамасы» бар. Бұл жағдайда аспаптық және зертханалық талдаулар тек депрессияны шақыруы мүмкін ауруларды (мысалы, қалқанша безі жұмысының бұзылыстары, бас-ми жарақаты) анықтауға қажет. 

    Көп жағдайда науқастар депрессия белгілерін жасыруы мүмкін. Себебі психиатрларға жолдамадан, психиатриялық диспансерге есепке алынудан қатты қорқады, антидепрессанттарды, жанама әсерлеріне қатысты қауіптенгеннен, қабылдағысы келмейді, осыған орай өздерін одан әрі қауіп-қатерге душар етеді.   

    Клиникалық белгілері:

    • күні бойы жабырқаңқы көңіл-күй;
    • қуану қабілетінен және ләззат алудан айырылу;
    • тез шаршағыштық, ұзақ уақыт бойы (бірнеше апта) күш-қуаттың азаюы;
    • зер салу мен көңіл аударудың азаюы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі;
    • өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, өз-өзіне сенімсіздік;
    • өзін кінәлі сезіну, өзін пайдасыз көру, қорқыныш сезімі;
    • өз болашағын жабырқаңқы елестету;
    • ұйқысыздық немесе ұйқышылдық;
    • тәбеттің болмауы;
    • қалыпты тәбет кезінде дене салмағының төмендеуі;
    • сексуалдық құштарлықтың төмендеуі;
    • өз-өзіне қол жұмсау немесе өзіне зақым келтіру әрекеті.

    Алғашқы көмек

    Көп жағдайда депрессиямен сырқат адамдардың туысқандары оларды өз жағдайын жақсартуға тырыспайтын көңілсіз, өзімшіл деп қабылдайды. Бірақ депрессиясы бар адамға «қайғыра берме!» деп айту аллергиясы бар адамнан түшкірмеуді талап етумен тең.  Мұның орнына түсіністік, аяушылық  танытып, психотерапевт немесе психиатрдың кәсіби көмегін ұсынған жөн.   

    Емі

    Депрессивті жағдай дәрілік және психотерапевттік әдістерді үйлестіруді талап етеді. Медикаментозды заттардың қажетті мөлшерін және қабылдау ұзақтығын тек дәрігер-психиатр тағайындайды. Бұл ретте дәрігер науқастың диагнозы туралы оның жұмыс орнына немесе тұрғылықты мекен-жайына   ақпарат бермейді, медициналық есепке алмайды (көп қайталамалы ауыр бұзылыстарды қоспағанда). Осылайша психиатр қабылдауында болу өмірді бұзады деген қауіп еш негізсіз болып табылады. Керісінше кәсіби көмектен бас тарту өмірді адам төзгісіз етеді.   

    Асқынулары

    Ем жүргізілмеген жағдайда депрессия қайталануы және уақыт өте келе созылмалы (өмір бойы) болуы мүмкін. Науқас, ең алдымен, өзі үшін қауіпті болады. Депрессияға шалдыққан 10 адамның біреуі ерте ме, кеш пе ақыры өз-өзіне қол жұмсау әрекетін жүзеге асырады.      

    Науқаста әлеуметтік дезадаптация дамиды, ол жұмысынан, достарынан, отбасынан айырылады, өзінің жанындағы адамдармен ара-қатынасын үзеді. 

    Депрессия ішкі ағза жұмысына әсер етеді. Атап айтсақ, демікпенің , жүректің ишемиялық ауруының даму қаупін жоғарылатады, ағзада бар созылмалы ауруларды өршітеді. Нәтижесінде ауыр сырқаттардан науқастың өлім жағдайлары сирек емес. Төсекке танылған науқастарда өлім себебіне негізгі ауруына қарағанда  жиі  депрессия жатады.   

    Алдын алуы

    Клиникалық анықталған депрессия жағдайында дәрігер-психиатр немесе психотерапевт ұсынған алдын алу шараларын ұстанған жөн. 

    Пессимизмге, жабырқаңқы көңіл-күйге бейім келетін адамдарға жалпы ұсыныстар: 

    • дұрыс ұйқы, тәулігіне кем дегенде 8 сағат; күн тәртібін сақтау және тыныштандыратын дәрілер, шөптік жинақ, 1 стақан жылы сүт ішу арқылы  ұйқыны жақсарту; 
    • дұрыс тамақтану (депрессияның негізгі себептерінің бірі — асқазан-ішек жолдары жұмысындағы бұзылыстар);
    • күн тәртібін, салауатты өмір салтын, қозғалыс белсенділігін сақтау;
    • отбасында жақын, сенімді ара-қатынасты орнату;
    • күйзелістерді азайту.

    Қолжетімді мақсаттар қойыңыз, жасай алмайтын немесе жасауға үлгермейтін істерді бастамаңыз, өз қызығушылықтарыңызға, достармен кездесуге, отбасымен тілдесуге уақыт бөліңіз. Сол кезде сізге депрессияның қауіптілігі болмайды. 

    Себептері

    Депрессияның даму себептерін соматикалық («тәндік»), эндогенді және невротикалық деп ажыратуға болады. 

    Соматикалық факторларға мидың, жүйке жүйесінің, бауыр, бүйректің және т.б. аурулары; ісіктер; жарақаттар; уремия, анемия, цирроз, салдану сияқты ауыр патологиялар жатады. Депрессияны жанама әсер ретінде кейбір дәрі-дәрмектер, сонымен қатар маскүнемдік пен нашақорлық шақыруы мүмкін. 

    Эндогенді деп депрессияны дамытқан психикалық бұзылыстарды (шизофрения, әр түрлі психоздар мен невроздар) айтады.    

    Невротикалық факторларға жағымсыз психологиялық факторлар салдарынан дамыған депрессияны жатқызады.   Оған:

    • зорлық (соққылар, сексуалдық зорлық, тұрақты жәбірлену, қорлау; балалық шақта көрген зорлық);
    • жақын адамдармен тұрақты қақтығыс, отбасындағы жағымсыз жағдай;
    • жақын адамның өлімі;
    • ажырасу, сүйікті адаммен айырылысу;
    • жұмыстан айырылып қалу, зейнет жасына жету (әсіресе әйелдерде);
    • қатты эмоционалдық реацияны шақырған жағымды жағдайлар (жаңа жұмыс, үйлену, мектепті немесе жоғарғы оқу орнын бітіру).

    Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен психиатр немесе психотерапевттың кеңесіне жазылыңыз:

    - сайтта өтінім қалдыру,

    - бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,

    - +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.

    Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:

    Психолог — психотерапевт — психиатр: қалай таңдау керек?

    Апатия, үрей, әлсіздік, есте сақтау қабілетінің бұзылуы: ковидтан кейінгі синдроммен қалай күресуге болады?

    Паникалық (үрейлі) шабуыл деген не және оны қалай жеңуге болады?