• Врачи
  • Клиники
  • Лаборатории
  • Услуги
  • Блог
  • Лучший доктор 2024
  • Оставить заявку
  • Сүт безінің қатерлі ісігі: маммологтан қорқудың қажеті жоқ!

    Сүт безінің қатерлі ісігі туралы білуіңіз қажет: TopDoc.me жоғары білікті онколог-маммологқа ең маңызды сұрақтарды қойды.

    Ганновер медицина институтының медицина докторы, онколог-маммолог және химиотерапевт Бримова Айгуль Демеугалиевна тек Қазақстанда ғана емес, бірнеше батыс елдерінде, атап айтсақ, Германия, Австрия, АҚШ-та білім алған. Айгуль Демеугалиевна – АҚШ-тың NCBC маммологиялық орталық консорциумының толық мүшесі, сүт безінің қатерсіз және қатерлі ауруларының емі мен диагностикасының жаңа әдістері бойынша ақпараты бар. Дәрігер UMIT томотерапия онкологиялық орталығында қабылдайды.  

    TopDoc.me сүт безінің қатерлі ісігі бойынша өзекті ақпаратты алу үшін дәрігер Бримоваға барды.  

    - Сүт безінің қатерлі ісігі дегеніміз не?

    - Сүт безінің қатерлі ісігі – бір бірінен ағымы және ісікке қарсы әсерге сезімталдығы бойынша ерекшеленетін әр түрі бар қатерлі ісік.  Ісіктің түріне байланысты ем таңдалады.   

    Қазақстанда орта есеппен қатерлі ісікпен 3500-ге жуық әйел анықталады. Олардың 1400-і өкінішке орай қайтыс болады. Бұл 45%-ға жуық болып есептеледі. Бүгінгі таңда 5 жылдық өміршеңдік 54% құрайды. Аурушаңдықтың үдеу шыңы 58-61 жастағы әйелдерге келеді. Алайда қатерлі ісік барлық жас топтарында анықталады. Соңғы кезде сүт безі қатерлі ісігінің жасаруы байқалуда, тіпті 40 жасқа дейін де анықталады.

    Біздің Telegram каналға https://t.me/TopDocKz жазылыңыздар

    - Сүт безі қатерлі ісігінің қауіп факторы қандай?

    - Біріншіден, радиация, химиялық заттардың әсері, гормоналды препараттарды, контрацептивтерді, менопауза кезінде орынбасушы гормонотерапияны ұзақ қолдану. Менопауза кезінде орынбасушы гормоналды терапияны ұзақ қолдану мен сүт безінің қатерлі ісігі даму қаупінің жоғарылауы арасында байланыстың бар екенін дәлелдейтін көптеген зерттеулер бар. 

    Екіншіден, өмір сүру салты, яғни артық салмақтың пайда болуына, қант диабеті, гипертонияның дамуына әкелетін әлеуметтік деңгейді жоғарылату деген түсінік маңызды рөлді ойнайды. Бұл ауруды қоздыруы мүмкін. Бұдан басқа менопауза, қалқанша безінің аурулары кезіндегі гормоналды өзгерістер де белгілі бір әсер етуі мүмкін.

    Бұл факторлардың барлығының қатерлі ісікке әкелуі міндетті емес. Алайда белгілі бір жағдайларда және күйзеліс кезінде қатерлі ісіктің пайда болуы мен дамуын шақырады.  

    Технологияның дамуымен тұқымқуалаушылыққа бейімділікті анықтау мүмкін болды. 10% жуық жағдайда тұқымқуалау факторы маңызды рөл атқарады. Яғни ұрпақтан ұрпаққа берілетін ген болады. Бір отбасында, мысалы әжесі мен анасында сүт безінің қатерлі ісігі болса, онда қызы да жоғары қауіп-қатер тобында болатынын көреміз. Зертханаларда BRCA1 мен BRCA2 геніне сараптама жасауға болады. Бұл - сүт безінің қатерлі ісігіне бейімділікті анықтауға арналған генетикалық сараптама. Яғни әйел сүт безі немесе аналық бездерінің қатерлі ісігі дамуының жоғарылауы осы генге байланысты болғандықтан, бұл геннің бар-жоғын біле алады.

    Сүт безі қатерлі ісігінің бірнеше түрлері бар. Осыған қарай біз ісіктің гормондардың әсерінен немесе белгілі гендердің мутациясына байланысты шақырылғанын біле аламыз. Ісіктің жағдайын, оның биологиялық түрін анықтау болашақтағы сәтті ем үшін өте маңызды.

    -Сүт безінің ісігі қаншалықты тез өседі?

    - Бұл ісік түріне байланысты және әйелдің жасы да маңызды рөл атқарады. Егде жаста ісік баяу дамиды, жылдар бойы, 5-10 жыл өсуі мүмкін. Ал егер бұл жас, 50 жасқа дейінгі әйел болса, онда ісік тез өседі. Ал 40 жасқа дейін болса, онда ісік агрессивті түрде 1 жылдың ішінде өсуі мүмкін. Менопауза алдында және менопауза кезінде орынбасушы гормоналды терапия қабылдап жүрген әйелде де ісік тез өсуі мүмкін. 

    - Сүт безі қатерлі ісігінің ерте белгілері қандай?

    - Өкінішке орай ерте белгілері жоқ. Ісік ерте кезеңінде анықталмайды, ауру сезімі, түйіндер, бөлінділер жоқ, әйелді ешнәрсе мазаламайды. Сондықтан 40 жастан бастап скрининг өту, маммография жасау қатерлі ісікті ерте кезеңінде анықтауда өте маңызды.

    Ерте қатерлі ісікті тек маммографияда көруге болады. Сүт безінің қатерлі ісігі ерте кезеңде топтасқан микрокальцинаттар ретінде көрінеді. Яғни бұл - рентген суретте ғана көруге болатын өте майда нүктелер. Сондықтан мен әйелдерге 40 жастан бастап скринингтен өтуге кеңес беремін.

    Жалпы, кез келген қыз етеккір келгеннен бастап, жылына 1 рет маммологқа қаралуы керек. Себебі сүт безіндегі кез келген өзгерісті тек маман ғана анықтап көре алады. Бұл кез келген патологияны анықтап, оның дамуына жол бермеуге жеткілікті болады.

    - Сүт безі қатерлі ісігі кезінде тағы қандай белгілер байқалуы мүмкін??

    Егер сіз:

    - бір сүт безі екіншісінен визуальды ерекшеленетінін;

    - сүт безінде қызарудың пайда болғанын;

    - емшек ұшы өзгергенін, оның қатты, ісіп немесе тартылып қалғанын;

    - емшек ұшынан қан кеткенін;

    - сүт безі терісінде шұңқырдың пайда болғанын анықтасаңыз, дереу маммологқа қаралуыңыз қажет.

    - Сүт безі қатерлі ісігі әдетте қай жерде орналасады?

    - Сүт безінің кез келген бөлігінде болуы мүмкін. Тіпті сүт безінен тыс жерлерде, мысалы, қолтық асты немесе сүт безінен жоғары қабырға арасында орналасуы мүмкін. Скрининг кезінде сүт безінен тыс орналасқан осындай ісікті көрмей қалу әбден мүмкін. Себебі ол сурет аймағына кірмей қалады. Сондықтан маммологқа жылына 1 рет бару керектігін тағы да айтқым келеді. Өйткені дәрігер сүт безін, одан тыс аймақты сипап, ісікті анықтай алуы мүмкін.

    - Қазіргі уақытта көптеген әйелдерде мастопатия бар. Мастопатия қатерлі ісікке айналуы мүмкін бе?

    - Мастопатия – сүт бездерінің гормоналды дисфункциясы. Оған әйелдердің гормоналды статусындағы өзгерістер тән. Бұл өзгерістер басқа да гормоналды өзгерістермен қосарлануы мүмкін. Мысалы, қалқанша безінің дисфункциясы – гипотиреоз немесе гипертиреоз, кисталар, миомалар, эндометриоз, полиптер сүт безінде өзгерістердің дамуын шақыруы мүмкін. Бұл консервативті емді талап етеді. Мастопатия қатерлі ісікті шақырады деу дұрыс емес. Мастопатияның өзі қатерлі ісікті шақырмайды. Алайда әйел ағзасында белгілі бір жағдайда мутацияға ұшырайтын, тез дамитын және қатерлі ісікке айналатын жасушалар болуы мүмкін.  

    Ісік жасушалары кез келген адамның ағзасында бар. Олар күнделікті пайда болады, бірақ біздің иммунды жүйеміз оларды анықтайды және жояды. Егер иммунды жүйе жұмысында бұзылыс болса, онда ісік жасушалары еш кедергісіз өсіп, оларды біздің ағзамыз өз жасушамыз деп есептеуі мүмкін.

    - Сүт безінің қатерлі ісігі кезіндегі метастаздар қайда анықталады? 

    - Сүт безінің қатерлі ісігі кезіндегі метастаздар жиі лимфа түйіндерінде, сүйекте, бауыр, өкпеде, бас миында және аналық безде болуы мүмкін. Бұлар нысана мүшелер болып табылады. Ең бірінші лимфа түйіндері іске қосылады. Сондықтан оларды ең алдымен тексеру керек. Әдетте «күзетші» лимфа түйінінің пункциясы немесе ота кезінде биопсиясы жасалады. Бұл лимфа түйіндері ісікке ең жақын орналасады, барлық ауыртпалықты өздеріне алады, ісік жасушаларымен күреседі.

    - Сүт безі қатерлі ісігінің емі қалай жүзеге асырылады?  

    - Хирург, химиотерапевт, сәулелік онколог, гистолог және басқа да мамандар кіретін мультидисциплинарлы консилиумда сүт безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылады. Біз бірге әр жағдайды ісіктің түріне байланысты талқылаймыз, науқаста анықталған гендер мутациясы есепке алынады. Молекулалық-генетикалық талдаудың нәтижесінде қандай мутациялар бар екенін және олар немен шақырылғанын көреміз, оларға қалай әсер ету керектігін білеміз. Генетиктер гендердегі мутация және олардың кейбір препараттарға сезімталдығы бойынша қорытынды береді. Осы нәтижелерді пайдалана отырып, осы адамға жеке ем таңдалады.

    Науқасқа емдеу жоспары құрылады. Бұл жерде не ісікті және күзетші лимфа түйінін хирургиялық ота жасау арқылы алып тастау, не алдымен химиотерапия жүргізіледі. Мысалы, қазір ота алдында ісіктің көлемін кішірейту үшін химиотерапия жасаған дұрыс. Содан кейін мүшені сақтап қалатын ота жасалады. Отаға дейін химиотерапия жасау арқылы метастаздар дамуының алдын аламыз. Яғни отаға дейін қан айналымында жүрген ісік жасушаларын өлтіреміз. Қазіргі уақытта қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің нөлдік сатысында қанға ісік жасушаларының бөлінуі болатыны туралы зерттеулер бар. Мұнда әңгіме әр науқастың өміріне жасалатын болжам жайлы болып отыр. Жүргізілген емнің тиімділігі бағаланады. Одан кейін ісікті алып тастау үшін хирургиялық ота жасалады.

    Сүт безінің қатерлі ісігі және кез келген қатерлі ісік нақты мультидисциплинарлы тәсілді талап етеді. Өйткені қатерлі ісік кезінде тек бір мүше зақымданбайды, бүкіл ағза қатысады.

    - Сүт безі қатерлі ісігі кезіндегі сәулелік терапиядан қандай жанама әсерлер болуы мүмкін? 

    - Жиі теріде күйіктер болуы мүмкін. Сүт безін сәулелендіру кезінде үдеріске өкпе, жүрек, өңеш қатысуы мүмкін. Өкпеде сәулелендіру нәтижесінде фиброз дамуы мүмкін. Бұл кезде кішігірім жүктеменің өзінен адамда ентігу болады. Жүрек зардап шегеді, аритмия пайда болуы мүмкін. 

    - Сүт безі қатерлі ісігінің емінде томотерапияның қандай артықшылықтары бар?

    - Томотерапия сияқты сәулелік терапия түрінің маңызды артықшылықтары бар. Фотондармен сәулелендіру жүреді, компьютерлік томографиямен ісік визуализациясы бар. Томоаппарат ісіктің үшөлшемді кескінін жасайды, оның өлшемдері, формасы, орналасуы нақты анықталады. Бұл, біріншіден, ісікке сәулелендірудің қажетті мөлшерін дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, спиральды сәулелендірудің нәтижесінде ісікке барлық проекциядан әсер етіледі. Ісік толығымен біркелкі сәулелік әсерге ұшырайды.

    Сәулелендіруді талап ететін аймақ ғана бағытты түрде сәулеленеді, көрші ағза мен тіндердің қатысуынсыз сәуле тікелей зақымданған аймаққа барады. Ісік байқап және мұқият сәулеленеді. Әрине, бұдан кейін асқынулар да аз болады.

    Томотерапия – қауіпсіз, әсері айтарлықтай жеңіл. Әйел толық тиімді ем қабылдайды және оның өмірінің сапасы зардап шекпейді. Томотерапиямен емдеу — амбулаторлық ем, яғни науқас әлеуметтік белсенділігін сақтай алады.

    UMIT онкологиялық томотерапия орталығы томотерапиямен емдеу үшін квотаны рәсімдеуге мүмкіндік береді. Квотаны қалай рәсімдеу керек екендігі туралы толық ақпаратты осы жерден оқи аласыз.

    - Сүт безі қатерлі ісігінің емінен кейін қанша уақыт өмір сүреді? Сүт безінің қатерлі ісігінен толық жазылып кетуге бола ма? 

    - Сүт безі қатерлі ісігінің нөлдік және бірінші сатысы 100% емделеді. Егер әйелде 3-4-ші сатысы болса, онда нәтижесі айтарлықтай нашар. Статистика бойынша 5 жылдық өмір сүру (диагноз қойылғаннан кейін 5 жыл өмір сүру) 54-55% құрайды.

    Бұл жерде біз скринингтің қажет екеніне тағы да ораламыз. Өкінішке орай, скринигтерден өтудің нашарлығы – біздің ең әлсіз тұсымыз. Адам өз денсаулығы туралы өте кеш ойлана бастайды.

    - Бірақ басқа мемлекеттерде керісінше болады. Мысалы, киноактриса Анджелина Джолимен болған жағдай. Ол алдын алу шарасы ретінде сүт бездері мен аналық бездерін алып тастаған. Бұл қаншалықты орынды? 

    - BRCA1 мен BRCA2 гендер мутациясы бар әйелдердің барлығында сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі өте жоғары болады. Джоли өз ағзаларын алып тастау арқылы сүт безі қатерлі ісігінің даму мүмкіндігін төмендетті. Алайда ол қатерлі ісіктің дамуын толығымен жойды деп айтуға болмайды. Кеудеде сүт безінің бірлі-жарым жасушалары қалып қоюы мүмкін және осы мутацияның болуына байланысты қатерлі ісіктің дамуы әбден мүмкін. Сондықтан маммологқа қаралу және маммографияны өту (қолжетімді және тегін) барлық әйелдерге міндетті болып қала береді.

    - Кейбір әйелдер қажетсіз сәулеленуді аламыз деп маммографияны өтуден қорқады.

    - Бұндай қорқыныш орынсыз. Маммография – бұл сүт бездерінің рентгенографиясы, екі проекцияда жасалады. Қазір барлық жерде цифрлік рентгенография аппараты тұр. Олардың сәулелік жүктемесі флюорографиямен салыстырғанда төменірек, ал ажыратымдылығы өте жоғары. Әр әйел 40 жастан бастап маммографияны өту керек. Себебі осы жастан бастап сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі екі есе жоғарылайды.

    40 жасқа дейінгі жас әйелдерге маммографияны жасамайды. Себебі олардың сүт бездерінің құрылымы басқаша, тығыздау болып келеді. Осыған байланысты маммография ақпараттылығы төмен болады. Оларға УДЗ жасалады.

    - Әйелдер арасында жиі айтылатын кейбір дақпыртты сейілтейік. Дезодорант-стиктерді қолдану лимфа түйіндерінде алюминий оксидінің жиналуына байланысты сүт безінің қатерлі ісігіне әкелетіні  рас па? Сонымен қатар тар, сүйекшесі бар көкірекшені (бюстгальтер) тағу қатерлі ісікке әкеледі деген қауесет де тараған.   

    - Бірде бір зерттеу дезодорантты қолданғаннан сүт безі қатерлі ісігі дамитынын дәлелдемеді. Тар, сүйекшесі бар көкірекшеге қатысты да дәл солай. Статистикалық дәлелді ғылыми мәліметтер жоқ. Әрине, іш киім өлшем бойынша болғаны және тар болмағаны дұрыс, мақта-матадан тігілгені абзал.   

    - Кеуде импланттары онкологиялық аурулардың дамуына әсер етеді ме?  

    - Импланттардың өзі қатерлі ісікке әкелмейді. Алайда импланттың зақымдануы болып, ішіндегі сұйықтығы ағып кетсе, онда кей жағдайда қанның қатерлі ісігі – лимфоманың дамуын шақыруы мүмкін.

    Импланттары бар әйелдер міндетті түрде жылына 1 рет маммологқа қаралуы қажет. Әйелдерге сезілмейтін микрожарақаттар туындап, олар қауіп төндіруі мүмкін.

    - Жиі түсік сүт безінде проблемалардың туындауына әсер етеді ме? 

    - Әрине. Түсіктер сүт безінде өзгерістерді туындатады. Әйелдер жүкті болғанда, лактацияға дайындық басталады, белгілі бір гормондардың түзілуі жүреді. Түсік – гормоналды жүйеге дөрекі түрде араласуы. Бұл сүт бездері үшін өз ізін қалдырады. 

    - Ер адамдарда сүт безінің қатерлі ісігі болады ма?  

    - Болады. Бірақ өте сирек байқалады және BRCA1 мен BRCA2 генінің болуына байланысты болады. Бұндай жағдайда отбасын толық тексеру керек. Әдетте анасы немесе әпкесінде қатерлі ісік немесе сүт безінің қатерлі ісігі гені болуы мүмкін. Сүт безі қатерлі ісігі бар ер адамдар әйелдерге тағайындалатын тексеру және емдеу іс-шараларынан өтеді. 

    - Кейбір ұлдарда жасөспірімдік кезеңде сүт бездері ұлғаяды. Мұның себебі неде?   

    - Бұл жасөспірімнің өмір сүру салтына, пайдаланатын, құрамында эстргендер бар азық-түлікке байланысты болады. Сонымен қатар әйелдер гормондарының бөлінуіне әкелетін қалқанша безі аурулары, өт қабының, бауырдың патологиясымен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда біз эндокринолог және гастроэнтерологтармен бірге жұмыс жасаймыз. 

    Сүт безімен болатын мәселе тек әйелдерде ғана болады деп ойлаудың қажеті жоқ. Проблемалар ерлерде (сүт бездері), ұлдарда болуы мүмкін. Сондықтан сақ болған жөн. Ер адамда немесе ұл балада түйінді байқасаңыз, дереу маммологқа қаралу қажет. 

    - Сіз әйелдерге не айтқыңыз келеді? 

    - Маммологқа барудан қорықпау керек. Өкінішке орай, егер әйел сүт безінде түйін анықтаса, ол дәрігерге баруға қорқады. Бірақ мұндай іс-әрекетімен, проблемадан қашу арқылы олар ауру ағымын қиындатады және болжамды нашарлатады.

    Кішігірім белгілер кезінде, яғни сүт безінде бір нәрсе бар екені сезілсе, ауырсыну сезімі болса, дереу маммологқа қаралу қажет. Кез келген патологияны кеш кезеңінде емдеп жүргеннен гөрі, оны дер кезінде анықтаған жөн. Кеш сатыдағы, ыдыраған, метастаздары бар қатерлі ісікті емдеу өте қиын. Емдеу физикалық және моральды, әлеуметтік тұрғыда өте ауыр өтеді.

    Отбасында әйел сүт безінің қатерлі ісігімен ауырса, бүкіл отбасы зардап шегеді. Бұл үдеріске бүкіл отбасы қатысады. Сондықтан біз психиатрлармен бірігіп жұмыс істейміз. Олар онкологиялық аурулар спецификасын біледі, емдеу барысында әйелдерге кеңес береді. Көптеген науқастарда депрессия, өз өзіне қол жұмсау туралы ойлар, отбасында жанжал болады. Сондықтан сүт безі қатерлі ісігін кешенді түрде емдеу керек. Бұл бір адамның ғана мәселесі емес.

    Сізді тақырып бойынша мақалаларды оқуға шақырамыз:

    Қатерлі ісік еміндегі жаңашылдық: заманауи химиотерапия

    Томотерапия — онкологиялық ауруы бар науқастарға арналған жылы үміт