Баспа (ангина) – жұтқыншақ мен таңдай бездері тіндерінің жедел қабынуы. Баспа деп «тонзиллит» жұқпалы ауруын атайды. Алайда «ангина» сөзінің мағынасы кеуде қуысындағы ауру сезімі дегенді білдіреді.
Баспаның бірнеше түрін ажыратады.
Катаральды баспа – баспаның ең жеңіл түрі. Бұл кезде бадамшалар беткей зақымданады. Қарап тексергенде бадамшалардың ұлғайғаны, ашық қызыл түсті екені көрінеді. Әдетте мойын лимфа түйіндері ұлғаяды. Науқас ауру сезіміне, тамақтың қышуы мен құрғақтығына, әлсіздікке, дене қызуының жоғарылауына шағымданады. Катаральды баспа емдеу нәтижесінде 3-5 күнде қайтады. Егер ем жүргізілмесе, баспаның ауыр түріне ауысады.
Фолликулярлық баспа. Бадамшаларда түйреуіштің басындай іріңді ошақтар түзіледі. Уақыт өте келе олар жарылып, бадамшаларда ақ өңездер пайда болады. Науқаста интоксикация белгілері айқын көрініс береді: дене қызуы 39-40С, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттердің сырқырап ауыруы, тамақтағы қатты ауыру сезімі.
Лакунарлық баспа – баспаның тағы бір ауыр түрі. Бадамшаларда іріңге толы шұңқырлар пайда болады. Қалған белгілердің барлығы фоллликулярлық баспа белгілеріне ұқсайды. Фолликулярлық және лакунарлық баспаны іріңді баспа деп те атайды.
Некротикалық баспа – баспаның өте ауыр түрі. Бұл кезде бадамшаларда терең жаралар пайда болады. Бадамшалардың беті тегіс емес, өңез түсі жасыл-сұр. Науқас тамағында бөгде зат тұрғандай сезімде болады, сілекей бөлінуі күшейеді. Әлсіздік пен дене қызуы ақырғы шегіне жетеді. Жанындағы адамдар науқастың аузынан жағымсыз иісті сезеді. Өңезді тазалағанда бадамшалар қанайды.
Герпетикалық баспа (герпангина) – Коксаки вирусымен шақырылатын ауру түрі. Баспаның бұл түрімен жиі балалар ауырады. Герпетикалық баспаның негізгі белгісі - бадамшалар мен ауызда түссіз көпіршіктердің болуы. Науқастарда жылдам дене қызуы 39-400С дейін көтеріледі, бас және мойын аймағында лимфа түйіндері ұлғаяды және қатты ауырсынады. Бас ауруы, жұтқан кезде тамақтың ауыруы, буындардың сырқырауы болады. Балаларда қатты іш өту, жиі құсу байқалады. Герпетикалық баспа өте жұқпалы!
Саңырауқұлақтық баспа (кандидомикоз) Candida саңырауқұлағымен шақырылады. Клиникалық белгілері баспаның басқа да түрлерінің белгілерімен ұқсас болады. Бірақ баспаның бұл түрін басқаша емдеу керек. Сондықтан тамақтан талдауға (бактериологиялық себінді) жағынды тапсыру керек. Саңырауқұлақтық баспа кезінде өңез ақ ірімшік тәрізді болады.
«Баспа» («тонзиллит») диагнозы қарап тексеру, дене қызуын өлшеу, тамақтан жағынды алу негізінде қойылады. Визуалды жұмсақ таңдайдың, доғалардың, тілшіктің, бадамшалардың қызаруы мен бадамшалардағы өңез анықталады.
Науқас төсек режимін сақтап, дене қызуы мен ауру сезімін басатын дәрілерді қабылдау қажет. Дәрігердің тағайындауына дейін тамақты тұз немесе содамен (1 стақан жылы суға 1 шәй қасық), фурацилинмен шайқау керек.
Баспаны емдеуде антибиотиктерді (табиғаты бактериалды болғанда) қолданады. Қазақстанда вирусты баспаны емдеуде интерферон жақпасын қолданады. Саңырауқұлақтық баспа кезінде саңырауқұлаққа қарсы препараттар тағайындалады. Сонымен қатар тамақты шаюдың алуан түрі (антисептиктік, шөптік), соратын дәрілер, клиникалық белгілерді жоятын дәрі-дәрмектер міндетті түрде пайдаланылады. Баспа кезінде барлық емдік кешенді тек дәрігер (терапевт немесе отоларинголог) тағайындайды!
Жедел кезеңі аяқталған соң физиоем шаралары (ультракүлгінмен сәулелендіру, лазерлік терапия, фонофорез, диатермия, кварцтеу) ұсынылуы мүмкін.
Емдәм сақтаған пайдалы. Жеңіл, ащы емес, жылы, сұйық немесе езілген күйдегі тамақ болу қажет. Мысалы, сорпалар, ботқалар, езбе және т.б. Көп мөлшерде сұйықтық ішіп, төсек режимін сақтаған жөн. Науқасты отбасының басқа мүшелерінен оңашалайды, себебі бұл ауру жұқпалы болып табылады. Науқасқа арнайы бөлек ыдыс, сүлгі және т.б. беріледі.
Баспаның кейбір түрі, атап айтсақ, абсцесс хирургиялық ота жасауды қажет етеді. Егер қолданылған шаралар көмектеспесе және жұқпаның басқа ағзаларға тарап кету қаупі болса, онда бадамшаларды алып тастайды.
Бадамша маңы абсцесі (паратонзиллит, флегмонозды баспа) тамақтың үдемелі ауыруымен, дене қызуының жоғарылауымен, жұтудың қиындауымен, көп мөлшерде сілекейдің бөлінуімен, жұтқыншақтың ісінуімен жүреді. Осының нәтижесінде науқас тұншыға бастайды. Абсцесті хирургиялық ашу қажет болады.
Баспаны емдеудегі қателіктер немесе емдеуден бас тарту пиелонефрит, эндокардит, миокардит (жүректің қабынуы), буындардың ревматизмі, жүйке жүйесінің қабынуы, полиартрит сияқты асқынуларға әкеледі. Жүктілік кезіндегі баспа ұрықтың даму ақауына әкелуі мүмкін.
Баспаның дамуына вирустар мен бактериялар себепші болады. Соның ішінде 80% жағдайда гемолитикалық стрептококк шақырады. Баспаны клиникалық белгі ретінде келесі аурулар дамытады:
Сонымен қатар баспаның себебі тісжегі және ауыз қуысының басқа да жұқпалы аурулары болуы мүмкін.
Пікірлерді оқыңыз, сұрақтарды қойыңыз, ыңғайлы болған әдіспен ЛОР/отоларингологтың кеңесіне жазылыңыз:
- сайтта өтінім қалдыру,
- бізге WhatsApp-қа жазу, кеңесшілеріміз сіздерге міндетті түрде жауап береді немесе өздеріңізге қайта хабарласады,
- +7 (707) 22 55 009 нөмірі бойынша хабарласу.