Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00
0

Аппендицит (қазақша)

Аппендицит – аппендикстің (ұзындығы 10 см болатын соқыр ішектің рудиментарлы құрт тәрізді өсіндісі) қабынуы. Хирургиялық кірісуді қажет ететін жедел аппендицит жиі кездеседі. Негізінен 10 жастан асқан балалар мен 30 жастан кіші ересектер ауырады. 

Катаральды, деструктивті (гангренозды, флегмонозды, перфоративті) асқынған аппендицит түрлері ажыратылады. 

Катаральды аппендицит кезінде аппендикстің шырышты қабаты қабынады. Флегмонозды түрінде ішектің қуысында ірің жиналады. Егер қабыну үрдісі жалғасып жатса, аппендикс қабырғасы жойылып, гангрена дамиды. Жиналған ірің іш қуысына ағады. 

Жүкті әйелдерде аппендицит жиі кездеседі. Бұл жүктіліктің үзілуіне және ұрықтың өлуіне себепші болады. Сондықтан  шұғыл аппендэктомия (аппендиксті алып тастау отасы) жасаған абзал.

Созылмалы түрі жедел аппендицит өршуі медициналық көмексіз басылған жағдайда дамиды. Кейбір медициналық қызметкерлер аппендициттің созылмалы түрі жоқ деп есептейді. 

Барлығынан хабардар болыңыз. Біздің https://t.me/TopDocKz Telegram каналымызға жазылыңыз.

Диагностикасы

Дәрігер диагнозды анамнез (ауру сезімі кенеттен пайда болды, бүкіл ішке тарады, содан кейін мықын аймағына жылжыды) бойынша қояды, белгілі бір аймақ пен нүктелерді басу арқылы бірнеше белгілерді анықтайды, сонымен бірге дәрігер науқасқа жүруді немесе секіруді (ауру сезімі үдейді) сұрауы мүмкін. Қан және зәр талдауы қабынудың жалпы көрінісін береді. Сондықтан диагнозды нақты қою үшін УДЗ жүргізіледі. 

Клиникалық белгілері

Негізгі белгісі – іштегі қатты ауру сезімі. Ауру сезімі жайылмалы және іштің төменгі оң жағында немесе басқа да аймағында, кіндік айналасында, бел, жыныс мүшелері, сан аймағында болуы мүмкін. Қалған клиникалық белгілер міндетті түрде болатын белгілерге жатпайды. Лоқсу, құсу (1-2 рет), дене қызуының кенет 37,5-38 градусқа дейін көтерілуі, тамыр соғысының минутына 90-100 ретке дейін жылдам соғуы, артериалдық қан қысымының төмендеуі сияқты белгілер аурудың асқынған түрінде байқалады.

Алғашқы көмек

Аппендицитке күдіктенгенде іш аймағына жылытқыш қоюға, ауру сезімін басатын, іш өткізгіш дәрілер беруге, клизма жасауға болмайды. Науқасқа тыныштық жағдай жасап, жедел жәрдемді шақырту қажет. Егер жедел жәрдем келу мүмкіндігі болмаса, науқасты өздігімен ауруханаға шұғыл жеткізу керек.   

Емі

Осы күнге дейін аппендицит хирургиялық ота жасауға 100% көрсеткіш болып есептелді. Қазіргі уақытта аппендикстің қабынуын консервативті емдеу бойынша оң нәтижелер алынуда. Бірақ барлық жерде тәжірибеге енгізу үшін алынған оң нәтижелердің саны аз. Бұдан басқа аппендициттің түрін аппендиксті алып тастағаннан кейін ғана білуге болады, ал іріңді аппендициттің асқынуы кезінде ота жасамаса, науқас өліп кетуі мүмкін.  

 Аппендэктомия міндетті түрде антибиотикотерапия және ағзаның детоксикациясымен бірге жүргізіледі.      

Асқынулары:

  • аппендикулярлық инфильтрат
  • абсцесс (іріңдеу)
  • перитонит (ішперденің қабынуы).

Себептері

Аппендикс қабынуының негізгі себепшісі өсіндіде нәжістік тастар мен бөгде заттардың жиналуынан бітелуі болып табылады. Кейде тыртық пен жабысып қалған жерлерге (спайка) байланысты қабыну ішектің бүгілуін (перегиб) шақыруы мүмкін. Аппендициттің гельминттер немесе өсінді тініндегі ісіктерге байланысты дамуы сирек болады. Кейбір ғалымдар аппендициттің себебі жұқпалар мен иммунитеттің төмендеуі деген пікір білдіреді.