Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00
0

Аутизм (қазақша)

Аутизм – бас миы жетілуінің ақаулары салдарынан дамитын психологиялық бұзылыстар. Бұл туа біткен ауру болса да, 3 жас және одан кеш мезгілде анықталуы мүмкін. «Аутизм» сөзінің аудармасы – өз ішкі дүниесіне кіріп кеткен адам немесе өзінің ішіндегі адам. Мұндай аурумен адамдарда әлеуметтік қарым-қатынас пен эмоционалдық тұрғыдағы бұзылыстар болады.

СЕБЕПТЕРІ

Қазіргі таңда аутизмнің нақты себебі белгісіз. Бұрынан бері осындай бұзылыстардың себебі гендер құрылымының зақымдануы мен оның бас миындағы синапстық байланыстарға тікелей әсер етуімен байланысты деп есептелген. Ал қазіргі уақытта аутизмнің пайда болуы ұрықтың жатырішілік дамуы кезінде болатын мутацияға байланысты деген болжамдар кең таралуда.  Статистика көрсеткіштері бойынша орташа есеппен 1000 адамның ішінен 6 адамда аутизм кездеседі. Бұл ретте осындай бұзылыстар қыздарға қарағанда ұлдарда  4 есе жиі байқалады.    

КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ

Туа біткен ауру болғандықтан аутизмнің белгілерін нәрестелік кезеңде байқауға болады. Өмірінің алғашқы айларында нәресте аз қозғалады, мимикасы жұтаң және олардың ашық түсті заттарға қызығушылығы төмен болады. 5-6 айларында аутизмі бар балалар жанындағы заттарға қызығушылық танытпайды, қолдарының бұлшықетінің тонусы жақсы дамыса да, заттарды ұстауға тырыспайды. Балалар 1 жасында сәйкес дыбыстар шығармайды,  өтініш бойынша  заттарды көрсетпейді, 1,5 жасында ешқандай сөздерді, ал 2 жасында қалыпты сөйлемдерді айта алмайды. Баланың ойыншықтармен ойнауды қаламауы немесе оның бір бөлігіне ғана зер салуы ерте жастағы аутизмнің белгісі ретінде болуы мүмкін. Бала бірнеше негізсіз талаптар қоюы ықтимал. Нақты атап айтсақ, белгілі бір бағыт бойынша ғана жүру, өзінің белгілеген тәртібі бойынша ғана нақты әрекеттер жасау.

Ересек адамда аутизм белгілі бір тақырыптар бойынша өзіндік әуестік, сәйкес қимыл-қозғалыстар және дағдылы ойлау ретінде көрінуі мүмкін.  Осындай бұзылыстары бар адамдардың 1/3-і білім мен мансабында нақты жетістікке жетуі мүмкін, алайда олар қарым-қатынас орнату кезінде бірталай қиындыққа ұшырайды.  

Бұл аурудың жалпы клиникалық белгілері: 

  • Әлеуметтік қарым-қатынастың бұзылысы;
  • Тар бағыттағы қызығушылықтар мен біркелкі, қайталана беретін әрекеттер;
  • Ақыл-ойының кемістігі;
  • Балада сөйлеу дамуының тежелуі;
  • Коммуникацияның бұзылысы;
  • Қалжын, бүркемелі әңгіме, жасырылған мән-мағынаны қабылдамау;
  • Сезім түйсігінің бұзылысы (аздаған жанасудың өзі дискомфорт туғызады).

ДИАГНОСТИКАСЫ

Диагнозды ерте анықтау баладағы бар потенциалды дамытуға мүмкіндік береді. Баланың дамуындағы прогресс диагнозды қою уақытына тәуелді.   Бала ақыл-ойының деңгейін өлшеуге және аурудың кезеңін анықтауға арналған көптеген тесттер мен сауалнамалар бар. Сонымен қатар қарап тексеруге ағзаның бұлшықеттік жүйесін зерттеу жатады. Аутизм кезінде бұлшықеттік жүйенің дамуы артта қалуы мүмкін. 

Қажет болған жағдайда МРТ, ЭЭГ, хромосомдық талдау жүргізіледі. 

ЕМІ

Науқастың толық емделіп кетуіне мүмкіндік беретін ем жоқ. Бірақ  дұрыс терапия жүргізілсе, көптеген науқастар өз бетінше өмір сүре алады. 

Кішкентай балалар үшін терапия кезеңмен жүргізіледі:

  • Айналадағы адамдармен қарым-қатынас орнатуға қажетті дағдыларды қалыптастыру;
  • Өзін-өзі күту және социумда бола білуді дағдыландыру;
  • Логопедтік ем;
  • Медикаментозды терапия (деструктивті бұзылыстар пайда болған кезде ғана қолданылады).