Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Бедеулік (Бесплодие қазақша)

Бедеулік 12 айдан кем емес уақыт ішінде тұрақты жыныстық қатынас кезінде бала сүйе алатын жастағы жұптарда баланың бітпеуі. Тұрақты жыныстық қатынас деп аптасына екі реттен кем емес жыныстық қатынасты айтады. 

Әлемдік статистика бойынша 8% кем емес жұптарда бедеулік мәселесі кездеседі. Қазақстандық дәрігерлер 16% деген көрсеткішті беріп отыр. Соңғы уақытта әйел және ерлердің бедеулігінің кездесу жиілігі бойынша теңестірілуі байқалуда. 

Бедеуліктің абсолюттік және салыстырмалы түрлері ажыратылады.  Абсолюттік бедеуліктің себептері -  репродуктивті ағзаның болмауы немесе жойылмайтын деформациясы (мысалы, жатырды алып тастау). Салыстырмалы бедеулік ем нәтижесінде жойылуы мүмкін. 

Біріншілік бедеулік – бір де бір жүктіліктің болмауы.  Екіншілік бедеулік – кем дегенде бір жүктіліктен кейін анықталған бедеулік.

ДИАГНОСТИКАСЫ

 «Бедеулік» диагнозын қою және ем тағайындау үшін әйелді де, ер адамды да қарап тексереді. Дәрігер-репродуктолог УДЗ, гистеросальпингографияға, гормондар деңгейін анықтайтын сараптамаға, спермограммаға және т.б. жолдама береді.  Зерттеу қорытындылары бойынша қажет болған жағдайда ер адам андролог немесе урологта, ал әйел репродуктолог немесе гинекологта ем қабылдайды. 

КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ

Бедеулік белгілері – жүктілікті болдырмайтын дәрілерді қолданбай, тұрақты жыныстық қатынастан кейін 1 жылдан соң жүктіліктің болмауы.

АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

Жүкті болуда туындаған қиындықтар кезінде өз бетімен емделу денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі және патологияны одан әрі өршітуі мүмкін. Шөптерден немесе тұқымдардан жасалған түйіршіктерді қынапқа енгізу, жатырды жылыту, қайнатпаларды ішу сияқты  «халық» тәсілдерінің әрі кетсе пайдасы болмайды, тіпті олар ішкі ағзаларды зақымдайды немесе ағзаның басқа да жүйелерінің бұзылыстарын шақырады. Бедеулікті сәтті әрі қауіпсіз емдеу тек дәрігер бақылауымен ғана жүзеге асырылады.  

ЕМІ

Бедеулікті емдеу оның себебіне байланысты. Әдетте дәрігер-репродуктолог, гинеколог, андрологтар қабыну ауруларымен күреседі, гормональды жағдайды реттейді, қажет болған жағдайда инсеминация немесе экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ)  сияқты технологияларға жүгінеді. 

Көп жағдайда бедеулік кезінде хирургиялық ем қажет болады. Мысалы, фаллопий түтігінің немесе ерлерде шәует шығаратын түтіктің өткізгіштігін қалпына келтіру, ісіктерді алып тастау, варикоцелеге қатысты ота.  

Абсолюттік бедеулік кезінде суррогат ана немесе баланы асырап алуды қарастырған жөн болады.

АЛДЫН АЛУЫ

Бедеуліктің алдын алу мақсатында репродуктивті мүшенің де, жалпы ағзаның да қабыну ауруларын уақытылы және жүйелі емдеу қажет. Себебі тыныс алу жолдарының, бүйрек немесе мидың жұқпалары репродуктивті жүйеге асқыну беруі мүмкін. 

Бұдан басқа, кіші жамбас қуысы ағзаларына жасалатын отадан, түсік жасатудан аулақ болу керек.

Е, А, С витаминдеріне, қанықпаған май қышқылдарына бай азық-түлікпен дұрыс тамақтану қажет. 

Адам өз денесінің гигиенасын сақтағаны дұрыс. Сонымен қатар жыныстық қатынастар гигиенасын сақтаудың да маңызы зор. Жыныстық серіктесті жиі ауыстыру, етеккір кезіндегі жыныстық қатынас, венерологиялық ауруларды жұқтыру, жүктілікті болдырмауға арналған дәрілік заттарды ретсіз қабылдау бедеуліктің жиі тараған себептері болып табылады. 

СЕБЕПТЕРІ

Бедеуліктің жиі кездесетін себептері: 

  • репродуктивті мүшелердің қабынулық аурулары;
  • түсіктер;
  • жыныс жолдары арқылы берілетін аурулар;
  • аналық без, гипофиз, қалқанша, бүйрекүсті бездерінің жұмысындағы гормоналды бұзылыстар;
  • жыныс мүшелері құрылымының анатомиялық патологиялары;
  • генетикалық бұзылыстар.