Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Іш қату (запор қазақша)

Іш қату (констипация, обстипация) – ішектің дәреттен босауының қиындауы (дефекация).

Нәжістің баяу, қиын және жеткілісіз шығуы – ересектердің 30-50% және балалардың 5-20%-да кездесетін әр түрлі аурулардың клиникалық белгісі.  

Дефекация аптасына 3 реттен аз болатын жағдайды  іш қату деп есептейді. 

Жедел іш қату –бірнеше күн бойы дефекацияның болмауы.

Диагностикасы

Іш қату диагностикасында ең бастысы – оның себебін, ішектің қиын босауын шақыратын негізгі ауруды анықтау. Әдетте дәрігер-гастроэнтеролог, терапевт іштің пальпациясын жасап, тік ішек аймағын қарап тексереді, науқастың шағымдарын тыңдайды және сырқатнамамен танысады.  Одан әрі қанның (жалпы және биохимиялық), зәрдің  (жалпы) және нәжістің (копрограмма, дисбактериозға, жасырын қанға сараптама) зертханалық талдаулары тағайындалады.

Аспаптық зерттеулерден тағайындалады: 

  • іш қуысының УДЗ
  • колоноскопия (эндоскоп- бейнекамера көмегімен тоқ ішекті қарап тексеру)
  • ирригоскопия (контрасттық затпен рентген)
  • ректороманоскопия (ректоскоп көмегімен эндоскопиялық тексеру)
  • электрогастроэнтерография (ішек ішіндегісінің жылжуын зерттеу).

Клиникалық белгілері:

  • үлкен дәреттің аптасына 3 реттен аз болуы 
  • іштің ауруы мен кебуі 
  • дефекация кезінде қатты күшену 
  • құрғақ, қатты нәжіс 
  • ішектің толық босамау сезімі  

Созылмалы кезеңіне өткен жағдайда шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі және ұйқының бұзылысы байқалады. Тері боз және құрғақ болады. 

Емі

Іш қатуды емдеудегі бастысы – тамақтану жүйесі. Емдәм клетчаткаға бай  азық-түлікті қамтуы керек: кебекті нан, балғын  жеміcтер (цитрус, қараөрік, өрік, алма), көкөністер (қызылша, сәбіз, орамжапырақ), жармалар (қарақұмық, арпа, сұлы). Әсіресе қараөрік жеу ұсынылады. Жеңіл қорытылатын, майлы емес ет -  тауық, күркетауық, буда пісірілген сиыр еті тағайындалады. 

Іштің қатуына әкелетін азық-түліктер мен тағамды аластату қажет: шырышты ботқалар (күріш), қаражидек, қаражемісті шетен, қою қара шәй, какао, тоқаш, сүрленген, майлы сорпалар, крем мен тұздықтар, консервілер, ішімдік.

Сусындардың ішінде жылы минералды су, шырындар, квас, біркүндік айран, қатықты пайдаланған жөн. Бір тәулікте 1 литрдан кем емес сұйықтық ішу керек. Тәулігіне 5 рет, яғни жиі  тамақ ішу қажет. 

Дұрыс рационды қалыптастыру үшін диетологтың кеңесі ұсынылады. 

Тамақтанудан бөлек, белсенді қимыл-қозғалыс болған жөн. Мысалы, таңертеңгілік жаттығу, жүгіру, жүру, жүзу, ЕДШ.

Іш қату кезіндегі іш өткізгіш дәрілер және клизманы тек дәрігер тағайындай алады!

Жаңа туған нәрестелердің іш қатуын (үлкен дәрет тәулігіне 2 реттен аз)  дәрігер-неонатолог немесе педиатр емдейді. 

Жүкті әйелдердегі іш қату -  жиі кездесетін жағдай. Егер жүкті әйелде іш қату проблемасы болса, дереу өзінің акушер-гинекологына баруы қажет. Ол өз кезегінде, қажет болса,  гастроэнтеролог немесе эндокринологқа жолдама береді. 

Іш қату симптом ретінде болатын кейбір аурулар (Гиршпрунг ауруы, долихосигма, парапроктит және т.б.) хирургиялық жолмен емдеуді қажет етеді.

Асқынулар:

  • геморрой
  • колит, энтерит
  • гепатит
  • дивертикулез
  • тік ішектегі сызаттар
  • ішектің қатерлі аурулары (тоқ ішек пен тік ішектің рагы)

Алдын алу

Іш қатудың алдын алудың ең жақсы жолы –  себептерді  жою және  осы проблеманы туындататын ауруларды емдеу (антибиотиктерді ұзақ қолдану, төсек режимі, дұрыс тамақтанбау).

Сонымен қатар салауатты өмір салты, белсенді қимыл-қозғалыс, рационда шикі көкөністер мен жемістердің, ашымалы сүт өнімдердің болуы іш қатуды жояды.  

Себептері:

  • қозғалысы аз өмір салты, отырып жұмыс істеу
  • ауруға байланысты төсектік режим 
  • дұрыс тамақтанбау («құрғақтай»)
  • ісік, нәжістік тастар, дивертикул және т.б. себептерге байланысты ішектің тарылуы 
  • тік ішектің аурулары (сызаттар, геморрой, проктит)
  • кейбір дәрілердің жанама әсерлері
  • психиканың бұзылыстары, депрессия, жүйке жүйесінің аурулары
  • ішектің анатомиялық ақаулары
  • тітіркенген ішек синдромы 
  • саяхат
  • жұлын миының жарақаты
  • жүктілік.