Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Жатыр мойнының эрозиясы (Эрозия шейки матки қазақша)

Жатыр мойнының эрозиясы – жатыр мойыны бетінің әр түрлі өзгерістері қарастырылатын түсінік.

Жатыр мойнының эрозиясы деп аталатын өзгерістер 40 жасқа дейінгі әйелдердің жартысында анықталады. Бұзылыстардың ішінде жатыр мойнының эктопиясы өте жиі кездеседі. Оны қателесіп эрозия деп атайды.  

Жатыр мойыны эрозиясының түрлері:

  • Шынайы эрозия – жатыр мойнының қынапқа шыға берісіндегі көпқабатты жалпақ эпителий аймағының зақымдануы
  • Псевдоэрозия:
    • туа біткен эрозия – жалпақ және цилиндрлік эпителийдің түйісуінің ығысуымен сипатталатын эпителий жетілуінің артта қалуымен шақырылатын құбылыс. Әдетте жыныстық жетілуге дейін толығымен жойылады. 
    • жүре пайда болған псевдоэрозия (эктопия, эндоцервикоз) – жалпақ эпителийдің цилиндрлік эпителиймен алмасуы. 
    • эктропион – мойын каналы шырышты қабатының қынап қуысына айналып шығуы.

Диагностикасы

Эктопия (эрозия) диагностикасы үшін гинеколог кеңесі қажет. Гинеколог әдетте талдау үшін жатыр мойнының бетінен жағынды алып, кольпоскопия (кольпоскоп деп аталатын арнайы құралмен қынапты және жатыр мойнын қарау) жасайды. Қажеттілік туындаған жағдайда биопсия (зерттеу үшін тіннің кішкентай бөлігін кесіп алу) тағайындалады.

Клиникалық белгілері

Көп жағдайда жатыр мойнының эрозиясы (эктопия) ешқандай симптомсыз болуы мүмкін.  Кейде келесідей симптомдар байқалады:

  • қынаптан ақ үсті бөліндінің болуы;
  • жыныстық қатынастан кейін немесе зақымданған аймақпен байланысқанда қанды бөлінділер;
  • жыныстық қатынас кезінде ауру сезімі.

Алғашқы көмек

Жатыр мойыны эрозиясының белгілері әлсіз болғанымен, әр түрлі жұқпалар мен басқа да жағымсыз салдардың көзі болуы мүмкін. Сондықтан  эрозияға күдіктенгенде дереу дәрігер-гинекологқа қаралу қажет. Эрозияны ерте анықтау жергілікті әсері бар препараттармен жылдам әрі тиімді емдеуге мүмкіндік береді. 

Емі

Жатыр мойны эрозиясын емдеу үшін бактерияға, вирусқа және саңырауқұлаққа қарсы дәрілік заттар қолданылады.   

Бірақ жиі коагуляция (күйдіру) пайдаланылады:

  1. Диатермоэлектрокоагуляция – жоғары жиілікті тоқ көмегімен алынған жоғары температурамен әсер ету;
  2. Криодеструкция – сұйық азотпен зақымданған тіндерге әсер ету;
  3. Лазерлік деструкция;
  4. Химиялық коагуляция – фармакологиялық препараттарды қолдану арқылы күйдіру;
  5. Радиотолқындық хирургия – радио толқындарын қолдану арқылы емдеу ("Сургитрон" аппараты).

Барлық әдістердің оң және теріс жағы, көрсеткіштері мен қарсы көрсеткіштері бар. Жатыр мойны эрозиясын емдеудің нақты бір әдісін  тек дәрігер-гинеколог ғана таңдай алады.

Асқынулары

Эктопияның ең қауіпті асқынуы -  жатыр мойнының рагы. Бұл әйелдер арасында ең кең тараған онкологиялық ауру түрі болып табылады. Алайда  эрозия рактың даму себебі (жиі оның себебі адамның папиллома вирусы) болып есептелмейді. Бірақ зақымданған шырышты қабат жұқпа мен вирустарға, соның ішінде адамның папиллома вирусына қоректік орта болып табылады. 

Алдын алу

  • жеке гигиенаны сақтау;
  • тұрақсыз серіктеспен (партнер) жыныстық қатынас кезінде мүшеқапты пайдалану;
  • дәрігер-гинекологта жарты жылда бір рет профилактикалық қарап тексеруден өту,  жағынды тапсыру;
  • ағзаның иммунды жүйесін нығайту.

Себептері

Жалпақ және цилиндрлік эпителиалды жасушалар арасындағы шекараның ығысуы жатыр мойны эрозиясының ең бірінші себебі болып табылады.  Ол туа біткен немесе шынайы эрозияның жазылуы, вирустық және бактериалдық жұқпалардың (хламидиоз, папилломавирус, уреаплазмоз, кандидоз, гонорея), қабыну үдерісінің, химиялық және физикалық әсердің нәтижесіндегі жүре пайда болған болуы мүмкін.