Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Қант диабеті (Сахарный диабет қазақша)

Қант диабеті – инсулиннің тапшылығы себеп болатын зат алмасудың созылмалы бұзылысы. Мұның нәтижесінде қанда глюкозаның (қант) деңгейі тұрақты түрде жоғары болады. Инсулин — ұйқы безінің гормоны, оның негізгі қызметі қанда қант деңгейін төмендету болып табылады.  Қант диабеті өте кең таралған. Статистика бойынша әр түрлі мемлекеттерде 1-ден 17%-ға дейін ересектер ауырады.  

Қант диабетінің  бірнеше түрін ажыратады.

  • 1-ші типті қант диабеті (инсулинтәуелді). Науқас үнемі инсулинді енгізіп отыруы қажет, әйтпесе өліп кетуі мүмкін. Балалар мен жастарда жиі кездеседі.
  • 2-ші типті қант диабеті емдәм мен инсулинді емес, қант деңгейін төмендететін препараттарды қабылдауды талап етеді. 40 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. 
  • Симптоматикалық немесе екіншілік қант диабеті кейбір аурулардың, нақты препараттарды қабылдаудың нәтижесінде дамиды.
  • Гестациялық қант диабеті жүкті әйелдерде кездеседі. Әдетте босанғаннан кейін жойылады.  

Эндокринологтар диабеттің тағы да бірнеше түрін ажыратады:

  • қантсыз(өте жиі көп мөлшерде зәр шығару)
  • бүйректік диабет(бүйрек түтікшелері арқылы глюкозаның өтуінің бұзылысы)
  • фосфат-диабет(Д дәруменіне тұрақты рахит)
  • бүйректік тұзды диабет(қажетті тұздар ағзадан зәрмен шығарылады)
  • қола диабет(гемохроматоз, тіндерде темірдің жиналуы, бұл терінің қола түсті болуымен көрініс береді)

Қант диабетінің диагностикасы

Негізгі әдіс – глюкоза деңгейін анықтау үшін жүргізілетін қан талдауы. Қазір дәріханаларда глюкометрлер сатылады. Олар экспресс сынама әдісі арқылы бірнеше секунд ішінде нақты нәтижені алуға мүмкіндік береді. Глюкометрмен бірге ауру сезімінсіз саусақты тесуге арналған  арнайы ине қатар жүреді.  Қантқа сынаманы көптеген дәріханаларда жасауға болады. 

Бұдан басқа глюкозаға толеранттылыққа сынама, глюкозаға және кетон денелеріне зәр талдауы, қанда гликолизирленген гемоглобин, инсулин және  С-пептидті анықтау қолданылады.   

Клиникалық белгілері:

  • ауыздың құрғауы
  • үнемі шөлдеу
  • жиі және көп мөлшерде зәр шығару
  • кенет салмақ жоғалту немесе салмақ қосу
  • терінің құрғауы мен қышуы
  • тершеңдік
  • шаршағыштық
  • әлсіздік.

Барлық симптомдар кенеттен пайда болмайды, біртіндеп дамиды. Сондықтан дәрігер-эндокринолог 40 жастан асқан адамдарға, ЖРВИ мен тұмау симптомдарымен ұқсас белгілері бар аурулармен ауыратын балаларға  глюкоза деңгейін анықтайтын талдауды үнемі жасап тұруға кеңес береді.

Диабеттің жасырын қант диабеті деп аталтын түрі болады. Бұл кезде қант диабетіне тән белгілер болмайды. Нақтырақ айтатын болсақ,  белгілі бір симптомдар адамдарда байқалады, бірақ оны қант диабетімен байланыстырмайды. Бұл симптомдарға жатады:

  • терідегі бөртпелер, сыздауықтар, терідегі іріңдіктер 
  • тістердің босауы және қызыл иектің қанауы
  • жыныстық қызметтің бұзылысы (әсіресе ерлерде)
  • аяқ-қолдың және терінің сезімталдығының төмендеуі 
  • көрудің нашарлауы.

Бұл жағдайда глюкоза деңгейі 5,6-6,2 ммоль/л дейін сәл ғана жоғарылауы мүмкін. Осы жағдай 5 жылға дейін созылуы мүмкін, одан әрі жасырын қант диабеті 2-ші типті созылмалы емделмейтін диабетке ауысады. 

Емі

Қант  диабеті — созылмалы ауру, алайда оны бақылауда ұстауға болады.  Ең алдымен емдәм және өмір салтын өзгерту ұсынылады. 

1 типті диабет кезінде инсулиннің қолайлы мөлшері анықталады.  Заманауи құралдар (шприцтер, помпалар) препаратты енгізуді және инсулин деңгейін бақылауды жеңілдетеді. Ғалымдар жасанды ұйқы безін жасау жұмыстарын жүргізуде және қазіргі таңда имплантация тәжірибесі бар. 

Екінші типті диабет дәрігер-эндокринолог тағайындайтын  емдәмді сақтауды және дәрілерді қабылдауды талап етеді.

Асқынулары

Қант диабетінің асқынуы барлық ағзалар мен жүйелерге әсер етеді. Мысалы, теріге, бүйрекке, тамырларға, жүйке жүйесіне, көру қабілетіне, жыныс жүйесіне әсері анықталады.  Әсіресе бүйректер, көз, аяқтар (диабеттік табан) зардап шегеді. Асқынудың ауыр түрі диабеттік кома мен науқастың өліміне әкеледі. 

Алдын алу

Қант диабетінің алдын алуына дұрыс тамақтану мен қозғалмалы өмір салты жатады. Қант деңгейі жоғары қан тамырларды бітеп тастауы мүмкін (сол себепті диабеті бар адамдарың аяқтарының саусақтарын кесіп тастайды). Спортпен үнемі шұғылданғанда және көмірсуы аз емдәмді ұстанғанда қантамыр жүйесі жақсы жұмыс істеп, диабеттің одан әрі дамуына жол бермейді. 

Диагноз нақты қойылғанда, науқас үшін емдәм критикалық фактор болып табылады. Орамжапырақ, қызанақ, қияр, жапырақты салат, жасыл бұршақ, сұлы жармасы, сүзбе, қайнатылған ет сияқты азық-түліктер ұсынылады. Тәттілер, піскен нан, тұзды, ащы, қақталған тағамдар, ішімдіктер мен тәтті сусындар, тәтті жеміс-жидектерге тыйым салынады.

Қант диабетінің себептері

1 типті диабет ұйқы безі жасушаларының жойылуымен шақырылады, ал 2 типті диабет кезінде инсулиннің ағза жасушаларымен өзара байланысу механизмі бұзылады.   

Диабеттің дамуына әсер ететін факторлар:

  • тұқымқуалаушылық: егер ата-ананың екеуі де 2-ші типті қант диабетімен ауыратын болса, онда балаға 100% қауіп-қатер төнеді;
  • артық салмақ пен семіздік; ерлерде бел орамы 102 см, әйелдерде 88 см-ден көп болса, олар қауіп-қатер тобына кіреді;
  • ұйқы безі мен басқа да эндокринді мүшелердің аурулары;
  • вирустық жұқпалар: қызылша, гепатит, тұмау және т.б.;
  • психикалық жарақаттар мен күйзелістер;
  • жас: әр он жыл сайын диабетпен ауыру қаупі 2 есе жоғарылайды.