Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Көтеу (геморрой қазақша)

Көтеу (геморрой)  тік ішектің төменгі бөліміндегі көктамырлардың патологиялық өзгеруіне (кеңею, бұралаңдығы, тромб, түйіндердің пайда болуы) байланысты дамитын ауру.

Тік ішек – ішектің соңғы бөлігі, сегізкөз бөлімінің 3-ші омыртқасынан басталып, анал каналымен аяқталады.

Ауру жедел және созылмалы түрде болуы мүмкін.

Диагностикасы

Саусақпен ректалды қарап, аноскопия немесе ректороманоскопия (арнайы құралмен қарау), ректальды УДЗ жасайтын проктолог кеңесі қажет болады.    Жаңа өскінге күдіктенгенде биопсия жасалады. 

Клиникалық белгілері:

Алғашқы белгілері: қышу, жағымсыз сезімдер, сыртқы тесік аймағында ауру сезімі, үлкен дәретке отыру кезінде және одан кейін ауру сезімінің болуы, қан кету, дәретхана қағазында ашық немесе қою қызыл түсті дақтың болуы байқалады. Бірақ бұл кезде қан нәжіспен араласпайды.  Шырышты бөлінділер болуы мүмкін. Геморраидалды түйіндердің шығуы біртіндеп дамиды. Алғашында түйіндер тік ішектің босауы (дефекация) кезінде шығады, бірақ өздігінен аналды каналға қайта кіреді. Кейіннен түйіндер кез келген жүктеме кезінде (ауыр зат көтеру, түшкіру, жөтел) шығады және қайта орнына қайтпайды. Ақырында түйіндерді аналды каналға қайта кіргізу мүмкін болмайды.

Алғашқы көмек

Тітіркендіру мен іш қатуды шақыратын азық-түліктерді аластау, жергілікті қолданатын ауру сезімін басушы препараттарды пайдалану, ауыр заттарды көтермеу, көп мөлшерде сұйықтық ішу.

Емі

Консервативті әдістер: емдәм (ащы тағамдарды аластату, жасұныққа бай азық-түліктерді пайдалану, ішетін сұйықтық көлемін ұлғайту, іш қатудың алдын алу); ауыр зат көтермей физикалық белсенділікті жоғарылату; ауру сезімін басатын, тромболитикалық, антибактериалды, іш айдайтын препараттар; физиотерапия. Жергілікті әсер ететін препараттар, фитотерапия, уқалау кеңінен қолданылады.

Аз инвазивті әдістер: трансаналды геморроидалды деартерилизация (THD); криотерапия, склеротерапия (тамыр қабырғасын жабыстыру), түйінді байлау (латекстік лигирлеу), инфрақызыл коагуляция, электрокоагуляция.

Хирургиялық әдістер. Үлкен түйіндер мен шығып кеткен түйіндердің тромбозы кезінде геморроидэктомия отасын жасайды.  

Асқынулар:

  • геморраидалды түйіндер аймағындағы тромбоз
  • қан кету
  • геморраидалды түйіндердің шығуы
  • парапроктит (тік ішек аймағындағы тіндердің іріңді қабынуы).

Алдын алу

Көтеудің алдын алу – ең алдымен іш қатумен күресу (емдәм, көп қозғалу)  және интимдік гигиенаны сақтау керек.  Отырып жұмыс істейтін адамдар жаттығулар мен серуендеуге әр сағат сайын үзіліс жасауы қажет.  Жұмсақ орындықты қатты орындыққа ауыстыру ұсынылады.

Себептері:

  • семіздік
  • тұқымқуалауға бейімділік
  • іш қату
  • ішектің және кіші жамбас қуысы ағзаларының қабынулық аурулары
  • жүктілік пен босану
  • варикоз
  • бронхиалды демікпе
  • ішімдік ішу және ащы тағам ішу
  • ауыр физикалық жұмыстар

Статистика бойынша көтеу әр төртінші адамда анықталады. Бірақ проктологқа барлығы қарала бермейді. Бұл өте өкінішті. Көтеу ерте кезеңде жеңіл және еш салдарсыз емделеді, ал оның ауыр түрі өмір сапасын нашарлатып, ем үшін көп уақыт пен ақшаны талап етеді.