Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Миокард инфаркті

Миокард инфаркті  қан айналысының жеткіліксіздігі нәтижесінде жүрек тінінің өліеттенуі (некроз). Инфаркт механизмі: жүректі қанмен қоректендіретін тамырлардың (коронарлық артериялар) ішінде «атеросклеротикалық табақшалар»  деп аталатын майлы шөгінділер болады. Олар артерияны тарылтады, бұл өз кезегінде жүрекке қанның келуін азайтады. Жүрек бұлшықетінде оттектің жетіспеуі, яғни ишемия дамиды. Егер атеросклеротикалық табақшалар үзіліп кетсе, онда оның бетінде қан ұйығы (тромб) түзіліп, артерияны толық бітеп тастауы мүмкін. Осы жағдайда жүрек бұлшықеті аймағына артериямен қанның келуі толығымен тоқтайды.  Бірнеше минуттан соң ишемия аймағында жүрек бұлшықетінің жасушалары өле бастайды, ал 6-8 сағаттан соң осы аймақ толығымен өліеттенеді. Бұл – миокард инфарктісі. 

Көп жағдайда инфаркт 30 жастан асқан ерлерде жиі кездеседі. 

Инфаркттың үш кезеңі болады:

  • продромалық (ұзақтығы 18 күн, бұл уақытта науқаста үдемелі әлсіздік, ентігу, шаршағыштық пен төс артындағы ауру сезімі болады);
  • жедел (инфаркттің өзі);
  • тыртықтану кезеңі (8 аптаға дейін созылады, бұл уақытта зақымданған бұлшықет тіні дәнекер тініне айналады).

Инфаркт зақымдану көлемі бойынша майда ошақты және ірі ошақты деп екіге бөлінеді. 

Диагностикасы

Нақты диагноз электрокардиограмма немесе эхокардиограмма бойынша қойылады. Жедел кезеңнен кейін коронарография тағайындалуы мүмкін. 

Клиникалық белгілері

Миокард инфарктінің 150-ге жуық  симптомдары бар, бірақ олардың ішінде ең маңыздысы жүрек аймағындағы ауру сезімі болып табылады. Алайда науқаста ауру сезімі тек кеуде аймағында ғана емес, іште, қолда, жауырында тамағында, төменгі жақта, мықын шұңқырында болуы мүмкін. Қант диабетімен сырқат адамдарда инфаркт ауру сезімінсіз болуы мүмкін. 

Бұдан басқа инфаркт дамуы барысында ауыз-мұрын үшбұрышының көгеруі байқалады. Сонымен қатар ентігу, жөтел, аритмия, жалпы әлсіздік, ашушаңдық, лоқсу, бас айналу болуы мүмкін.

Миокард инфарктінің бірнеше атиптік түрлері бар. Осылайша, абдоминальды түрінде инфаркт симптомдарына іштің жоғарғы бөліміндегі ауру сезімі, ықылық тию, іштің кебуі, лоқсу, құсу жатады. Астматикалық түрінде бронхиалды демікпе типі бойынша үдемелі ентігу болады.  Бас айналу, естен тану, неврологиялық симптомдар церебральды формада байқалады. Омыртқаның кеуде бөлімінде остеохондрозы бар науқастарда кеуде қуысында  орама тәрізді ауру сезімі (қабырғааралық невралгия типтес) болады және  ол қозғалған сайын үдейді.  Әйелдер үшін себепсіз шаршағыштық, үрей, асқорыту жүйесінің бұзылысы, инфаркт кезінде лоқсу және бастың желке аймағында ауру сезімі сияқты симптомдар тән. 

Алғашқы көмек

Инфарктке күдік туындаса, науқасты отырғызып, оны тыныштандырып, киімінің түймесін ағыту қажет.  Науқастың «қазір бәрі жақсы болады» дегеніне қарамай жедел жәрдемді шұғыл шақырту керек немесе өздігімен ауруханаға апару қажет. Егер науқасқа нитроглицерин тағайындалса, онда оны тілдің астына салған жөн.  Нитроглицеринді 2 реттен артық беруге болмайды. Аспирин дәрісін шайнау қажет (аллергия болмаса), міндетті түрде шайнау қажет, жұта салуға болмайды. Осы жағдайда дәрі тезірек әсер көрсетеді.  

Егер науқас есінен танып қалса, тыныс алу мен жүрек соғысы болмаса, дереу жан сақтау шараларын бастаған жөн. Науқасты еденге жатқызып, төс аймағын жұдырықпен қатты ұру керек. Одан кейін  жүрекке тікелей емес массаж жасау (міндетті түрде қатты, түзу жерде жасаған жөн) және жасанды тыныс беру  қажет.   Мысалы, әр 15 «компрессиядан»  кейін 2 дем алу мен дем шығаруды жасау керек, одан кейін осы іс-әрекетті науқас есін жиғанша немесе жедел жәрдем келгенше қайталау керек.  

Емі

Инфакрт жағдайы науқасты ауруханаға дереу жатқызуды талап етеді. Инфарктті дәрігер-кардиолог емдейді. Әдетте жедел кезеңде ауру сезімін басатын дәрілер, антитромбоцитарлық препараттар, антикоагулянттар және т.б. қолданылады.  Науқастың қатты күйгелектігі кезінде транквилизаторлар ұсынылады.  Көп жағдайда хирургиялық ем, яғни стенттеу, баллонды ангиопластика қолданылады.  

Оңалту кезінде жүйке және ойға артық күш салмау, мөлшерленбеген физикалық жүктемелер, стресстік  жағдайларды аластату қажет.  Инфаркттің қайталану қаупін азайту үшін науқас емдәм ұстану, дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдау, салауатты өмір салтын жүргізу, темекі шегуден бас тарту қажет.

Асқынулары:

  • жедел жүрек жетіспеушілігі
  • тромбоэмболия
  • перикардит (жүрек бұлшықетінің қабынуы)
  • кардиогенді шок, миокардтың жарылуы
  • жүрек ритмінің бұзылысы
  • жүрек аневризмасы.

Себептері:

  • жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары (гипертония, тамыр патологиясы, жүрек және коронарлық жеткіліксіздік)
  • тыныс алу жүйесінің аурулары (бронхит, бронхиалды демікпе, тыныс алу ағзаларының қабыну аурулары),
  • темекі шегу   (темекі шегу кезінде тамырлардың спазмы нәтижесінде)
  • семіздік, пассивті өмір салты, қоршаған ортаның ластануы.