Павлодар
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00
0
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00

Ковидті қалай жеңуге болады?

Айдың үздік дәрігері, пульмонолог Владимир Иванович Фирсов вирустардан қалай қорғану керек, екпе тиімділігі және не себепті кейбір науқастарға дәрігер емес, психолог керектігі туралы кеңес береді.

Карантинге байланысты ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін айдың үздік дәрігері атағына байқаудың қайта басталғаны туралы қуана хабарлаймыз! TopDoc.me қолданушылары тамыз айының үздік дәрігері ретінде 40 жылдық өтілімі бар пульмонолог Владимир Иванович Фирсовты таңдады. Бұл таңғаларлық жайт емес, өйткені коронавирус эпидемиясы пневмонияның таралуын шақырды және көптеген жәбірленген адамдарға аурудан кейінгі алдын алу, емдеу және оңалту туралы ұсынымдар қажет. Сонымен қатар, инфекцияны жұқтырмаған адамдарға да тәжірибелі дәрігердің кеңесін тыңдау пайдалы болады.

Дәстүр бойынша айдың үздік дәрігеріне TopDoc.me сервисінің дипломы берілді. Ал байқаудың демеушісі “Miami Aquapark & SPA” әрмезгілдік кешені жеңімпазға аквапарк пен СПА-ға шақыру билетін табыстады.

- Владимир Иванович, соңғы уақытта коронавирус ауа-тамшылы ғана емес, ауа-шаңды жолымен, яғни тыныс алған кезде де берілетіні туралы айтылып жүр. Жұқпадан қалай сақтану қажет?

- Жұқпаның таралу жолының мұндай түрі ауа-тамшылы деп аталады. «Ауа-шаңдық» деген түсінік жоқ. Бетперде тағу керек, бірақ  бетпердені жиі ауыстыру керектігін және ол жүз пайызға қорғай алмайтындығын түсінген жөн.

- Біз күні бойы адамдар арасында көлікте, жұмыста боламыз. Қалайда біздің мұрын-жұтқыншағымызға әр түрлі вирустар түседі және онда біраз уақыт сақталады.  Осы кезде не жасау керек? Мүмкін кешке тамақ пен мұрынды шаю қажет шығар?

- Симптомдар пайда болғанға дейін инкубациялық кезеңнің бірнеше күндері өту керек. Сіздің мұрын-жұтқыншағыңызға қандай вирус және қай кезде түскенін біле алмайсыз. Жаңа коронавирус басқа да вирустар сияқты, тамағыңызды күнделікті шаюыңызға байланыссыз бәрібір  одан  қорғана алмайсыз. Мысалы, егер балабақшада бір бала желшешекпен ауырып қалса, онда балабақшадағы барлық балалар ауырады. Мұнда ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы туралы әңгіме айтылып отыр. Қазір тұрғындардың 20 пайызы коронавируспен ауырып шықты. Бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін тым аз.

Сонымен қатар жұқтыру иммунитетке байланысты: егер адам ағзасы әлсіреген болса, онда ол міндетті түрде ауырады. Адамның тәртібін де ескерген жөн: егер ол дүрлігіп, барлық ойы коронавируста болса, онда ол міндетті түрде жұқпаны жұқтыруы мүмкін. Менде үрейлі шабуылы бар науқастар болған. Олар коронавирустан өте қатты қорыққан. Ондай адамдарға бірінші кезекте психологтың көмегіне жүгіну керек.

Өкінішке орай, коронавирустан екпе егу әлі жүргізілген жоқ. Сенімді екпе алу үшін бірнеше жылдық сынақтар қажет. Екпенің өзі бөтен текті нәруыз, ол ағзаға түскенде бізге және балаларымызға қалай әсер ететіні белгісіз.

- Адам ағзасында коронавирус қалай әсер етеді?

- Вирус мұрын-жұтқыншаққа түседі. Кейбір адамдарда вирус «Пирогов сақинасы» (қорғаныс лимфоидты жұтқыншақ сақинасы – TopDoc.me) деңгейінде тоқтап қалады, ал басқаларында одан әрі өтеді. Коагуляцияға әсер етеді, қанның қоюлануын шақырады, мұның нәтижесінде майда тамырларда тромб түзіледі. Ал тромбтар – әр түрлі паренхиматозды мүшелерде (өкпе, бауыр, бүйрек) болатын микроинфаркттер. Пневмония — коронавирустан кейінгі салдар және оны ковидтан кейінгі пневмония деп атаған дұрыс.  

Бұл жағдайда томографияда «бұлыңғыр әйнекті» көруге болады. Осы кезде альвеолалар (көпіршіктер) бүлінеді, гиалурон қышқылы сыртқа шығады. Нәтижесінде мыңдаған бүлінген альвеолалардан сулы «дақ» пайда болады. Бұл тін бүлінген, оның орнына фиброз, яғни тыртық қалыптасады.

Ковидтан кейінгі интерстициальды пневмонияның оңалту кезеңі 8 айдан 1 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Пневмонияның өзі 3 айға дейін созылуы мүмкін. Бұған қоса оның ағымы толқын тәрізді: он күндей адамның жағдайы жақсы болып, одан кейін қайтадан тершеңдік, әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы және тағы басқа симптомдар пайда болуы мүмкін. Адам вирусты қайта жұқтырдым деп ойлайды, алайда бұл тура сол коронавирус, өкпедегі процесс әрі қарай жалғасады.

- Ковидтан кейінгі пневмонияның өкпе қабынуының басқа бактериалды немесе вирустық түрінен қандай айырмашылығы бар?

- Стафилококкты, саңырауқұлақты және басқа да бактериалды пневмония кезінде бронх маңындағы тін және бронхтар, ал ковидтік пневмония кезінде тамырлар зақымданады. «Қалыпты» пневмонияда сырылдарды естуге болады, ал ковидті пневмонияда ештеңе естілмейді, тек әлсіз тыныс ғана естіледі. Сонымен бірге бактериалды пневмония кезінде вирустық пневмониямен салыстырғанда температуралық реакция күштірек болады.

- Сол себепті кейбір адамдар өздерінде пневмонияны кездейсоқ анықтаған...

- Иә, ауру ешқандай белгілерсіз басталған, науқастар тек әлсіздік және баспалдақпен көтерілгенде ентігуді байқаған. Алайда, айта кететін жайт, жоғары дене қызуымен жүретін, тез дамитын, өліммен аяқталатын вирустық пневмония да кездеседі. Осы сәтті пайдалана отырып, сіздерге айтарым: ковидтан кейінгі пневмония жалқау адамдарды ұнатады. Егер бактериалды пневмония кезінде тыныштық жағдайы тағайындалса, коронавирус кезінде, керісінше, қозғалу қажет. Сол себепті тыныс алу гимнастикасы, прон-позициясы, вибромассаж тағайындалады.

- Вибрацияның пайдасы неде?

- Қалыпты жағдайда бізде 7-10% альвеолалар «ұйқы» жағдайында болады, яғни тыныс алу процесіне қатыспайды. Адамның арқасын алақанның қырымен қаққанда (адам бұл кезде прон-позицияда болады, яғни ішіне жатады), өкпенің төменгі бөліктеріндегі жабысқан альвеолалар ашылады.  Мысал ретінде желаяқты келтіруге болады: ұзақ қашықтыққа жүгірген кезде «екінші тыныс» ашылады. Бұл осы  «ұйқыдағы» альвеолалардың ашылуы болып табылады.

- Алдағы уақытта күз, тұмау маусымы келеді, демікпесі және ӨСОА (өкпенің созылмалы обструктивті ауруы) бар адамдарға қандай кеңес берер едіңіз? Пневмококқа қарсы екпе жасатқаны дұрыс па?

- Мұндай науқастарға келесі ұсыныстарды айтар едім: бақылаушы дәрігермен тұрақты қарым-қатынасты орнату және ағзаларын дұрыс қалыпқа келтіру. Дәрігердің бронх демікпесі немесе ӨСОА, идиотиптік өкпелік фиброзға қарсы тағайындаған дәрілерін ішуді тоқтатпаған абзал. Бұл - сіздердің негізгі еміңіз. Егер сіз коронавирусты жұқтырсаңыз, онда осы негізгі еміңізге қосымша хаттама бойынша ковидті емдеу қажет болады.

Пневмококқа қарсы екпе бактериалды пневмониядан қорғайды. Бірақ вирусқа ол ешқандай әсер көрсете алмайды.Тұмауға қарсы екпеге қатысты да солай болады, егер сіз ауруды жұқтырсаңыз, онда сырқатыңыз жеңіл түрде өтеді. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін коронавируспен барлығымыз сырқаттануымызға тура келеді.

- Ковидпен қайта сырқаттанып қалу мүмкін бе?

Егер ауру жеңіл түрде өтсе және антиденелер қалыптасып үлгермесе, қайта сырқаттанып қалу мүмкіндігі бар. Алайда негізгі бұқара қайта ауырмайды. Бірақ иммунитеттің қаншалықты ұзақ болатынын ешкім білмейді. Ағзаның қорғаныс күшін нығайту керек, ал біздің иммунитетіміздің 70%-ы - ішімізде. Дұрыс тамақтану қажет, «қоқыс» тамақты жемеген абзал. Мүмкін болса саумал (жылқының жаңа сауған сүті), қымыз ішу керек. Аурудың жедел фазасында құйрық май және басқа да ауыр майларды, сарымсақты, ақжелкекті қолданбаған жөн. «Халық рецептімен» абай болу керек. Маған бір науқас келді. Ол небулайзерге спирт құйып, онымен дем алған, көгеріп келді. Шырыш қабатының күйігінен өліп кете жаздады.

- Оңалтуға қайта оралсақ – вибромассаж бен тыныс алу гимнастикасынан басқа не ұсынар едіңіз? Физиоем? Дәрумендер?

- Физиоеммен абай болу керек. Себебі ол ісіктің өсуін немесе туберкулез ошағының белсенуін қоздыруы мүмкін. Мырыш, селен -  өте жақсы заттар. Олар жүйке жүйесінің трофикасына қатысады, ал жүйке жүйесі барлығына жауап береді. Балық майы өте пайдалы. Жағалау тұрғындарында ауру және оңалту өте жылдам жүреді.

...Айдың үздік дәрігері Владимир Иванович Фирсовқа  +7(707)22-55-009 телефон  нөмірі бойынша немесе тікелей сайт арқылы жазылуға болады.

Қоғамда дәрігер беделін көтеру үшін бағытталған біздің байқауымызға демеушілік танытқаны үшін «Miami Aquapark & SPA» әрмезгілдік кешеніне алғыс білдіреміз! Орталық Азияда «Miami Aquapark & SPA»-ға өзінің масштабы мен форматы бойынша тең келетін жоқ.  SPA-кешенінде қонақтарды косметологиялық, монша, релакс-қызметтерінің кең спектрі күтіп тұр. Кешеннің басты ерекшелігі – декордың бірегей элементтері бар хамамдар, сауналар, өзіндік тақырыбы бар кең моншалар. Кешен концепциясына  жаңа идеялар мен алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілген. «Miami Aquapark & SPA» әлемдік стандарттарға сай келеді.

Денсаулықтарыңыз мықты болсын!

 

Мүмкін сізге COVID-19 жайлы мақалалар пайдалы болар: 

ЖАҢА КОРОНАВИРУС ДЕГЕН НЕ? ҚАНШАЛЫҚТЫ ОЛ ҚАУІПТІ?

КОРОНАВИРУС ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ ҚАЖЕТ: ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

КОРОНАВИРУСТЫҢ ТОП-5 САЛДАРЫ: НЕ СЕБЕПТІ АУЫРМАҒАН ДҰРЫС