Алматы
Мы работаем: Пн - Пт: с 8:00 до 18:00, Сб: с 9:00 до 15:00.
0

Қатерлі ісік еміндегі жаңашылдық: заманауи химиотерапия

Химиотерапевт Калиолдина Н.К.Онколог-химиотерапевт онкологиялық ауруларды емдеудегі жетістіктер туралы айтып береді.  

Нургуль Кайсаровна Калиолдина – жоғары білікті дәрігер онколог-химиотерапевт. Нұр-Сұлтан қаласындағы  «UMIT» томотерапия онкологиялық орталығында қабылдайды. Нургуль Кайсаровна Семей ядролық медицина орталығында жұмыс істеген, Израиль және Түркия мемлекеттерінде білім алған.  Дәрігер Калиолдина медициналық ғылымның барлық жетістіктері туралы біледі және науқастармен өз білімімен бөліседі.

- Нургуль Кайсаровна, химиотерапия дегеніміз не? Осы емді алғаш рет кім енгізді  және прогресс қалай жүзеге асты?

- Қатерлі ісіктердің химиотерапиясы – адам ағзасына арнайы химиялық препараттарды енгізу арқылы емдеу. Оның мақсаты қатерлі ісік жасушаларының өсуін жою немесе тежеу болып табылады.

Онкологияда емнің үш түрі бар: оперативті, сәулелік және химиялық терапия. Химиотерапия емнің басқа екі түрімен салыстырғанда ең жас әдіс болып есептеледі. Онкология тарихында ең алғаш хирургтың отапышағын қолданды, одан кейін 100 жыл бұрын ракты сәулемен емдеу, ал ХХ ғасырдың 40-шы жылдары химиотерапия пайда болды.

Ең алғашқы зерттеушілер американдық химик-фармакологтар Луис Гудман мен Альфред Гилман болды. Олар эмбихин атты жаңа препаратты жасады. Эмбихин адамдағы лимфоманың асқынған түрін емдеу үшін алғаш рет қолданды. Бұл қатерлі ісіктердің жылдам кішіреюіне және толық жойылуына әкелді. Осы жайт онкологиядағы нағыз жетістік болды!

Химиотерапия дамуына американдық педиатр Сидни Фарбер үлкен үлес қосты. Оны заманауи химиотерапияның әкесі деп те атайды. Өйткені ол лейкемиямен күрес үшін фолий қышқылының антагонисттерін қолданған. Бұл қатерлі ісіктерді емдеу үшін қажетті басқа да химиотерапевттік дәрілерді жасауға мүмкіндік берді. Нақты айтатын болсақ, қазіргі таңда өте жиі қолданатын метотрексат препараты жасалды.

Ғылым бір орнында тұрмайды, жыл сайын жаңа препараттар мен емдеудің жаңа әдістері тіркеледі. Ертеректе тек бірнеше химиопрепараттар ғана болса, қазіргі уақытта нысаналы дәрілер, иммунотерапия, қатерлі ісікті дараландырылған емдеудегі сапалы жаңа тәсілдер бар.

Кабинет химиотерапии в центре UMIT- Химиотерапия қалай әсер етеді? Ісік жасушаларына не болады?

- Қалыпты жасушаның өзіндік даму кезеңдері, яғни жасушалық циклы бар. Қатерлі ісіктердің өз ерекшелігі бар. Олар қалыпты жасушаларға қарағанда өте жылдам бөлінеді және жетіледі. Жасушалық циклдың әр фазасына әсер ететін химиопрепараттардың белгілі бір тобы бар. Сондықтан емдеу кезінде бірнеше препараттардың комбинациясы қолданылады.

Әрине, химиотерапия кезінде қалыпты жасушалар да өледі, бірақ бұл жасушалардың қайта қалпына келу қасиеті бар. Ал ісік жасушалары қайта қалпына келмейді.

- Химиотерапиямен емдеудің қай тәртіптемесі керек екенін сіз қалай анықтайсыз?

- Емдеудің бірнеше тәртіптемесі бар. Мысалы, сүт безінің рагы кезінде  ісік көлемі үлкен болғанда бірден ота жасауға болмайды. Мұндай жағдайда ісік көлемін кішірейту және мүмкін болса толық патоморфозға, яғни отадан кейінгі материалда қатерлі ісік болмайтын жағдайға қол жеткізу мақсатында біз ота алдындағы химиотерапияны жүргіземіз. 

Ісік көлемі кішірейген соң хирург ісікті түбегейлі алып тастай алады. Осыны ота алдындағы немесе адъювантты емес химиотерапия деп атайды.

Сонымен қатар ісікті алып тастау бойынша отадан кейін алдын алу немесе адъюванттық химиотерапия жүргізілуі мүмкін. Бұл адам ағзасында ісік фрагменттері қалып қойса немесе қан арқылы қатерлі ісік жасушасы бүкіл ағзаға тарап, метастаз дамудың жоғары қаупі бар болғанда, ісіктің қайталануын алдын алу үшін жасалады.

Кейде химиотерапия дербес ем ретінде ота жасау мүмкіндігі болмағанда, көптеген метастаз болған жағдайда жүргізіледі. Мұның негізгі мақсаты – ауруды бақылау, өмір сүру сапасын жақсарту, ауру сезімін, ауру белгілерін азайту.

Бұдан басқа біріктірілген әдістер, атап айтсақ, химиотерапия мен сәулелік терапия біріктіріліп жүргізілетін химиосәулелік терапия қолданылады. Емдеудің екі бәсекелес әдісі ісікке екі еселенген соққы жасайды. Сәулелік терапия негізгі ісіктік үдеріске әсер етеді, ал химиотерапия радиомодификатор ретінде әсер етеді. Бұл кезде препарат ісікте жинақталып, сәулелендіру кезінде өте жақсы нәтиже көрсетеді. Мұндай ем тік ішектің, жатырдың, өңештің, бас пен мойынның, мұрын-жұтқыншақтың, ауыз қуысының, бас миының қатерлі ісіктері кезінде қолданылады.

- Химиотерапия ұзақтығы қанша? Емдеу ұзақтығы неге байланысты?

- Химиотерапия схема бойынша курспен жүргізіледі. Курс арасындағы үзіліс орташа 21 күнді құрайды. Схема қатерлі ісіктің орналасуына байланысты болады. Біркүндік, әр апта сайын немесе бірнеше күндік болуы мүмкін.

Химиопрепараттарды ең жиі енгізу жолы көктамырішілік инфузия болып табылады. Алайда таблетка түрінде, артерияішілік енгізу жолдары да бар. Мысалы, колоректальды рак кезінде дәріні сан артериясы арқылы енгізеді. Сонымен бірге қуысішілік түрі де бар. Мысалы, қуыққа катетер арқылы енгізіледі. Қажеттілік туындаған жағдайда ішастарішілік дәрі құю түрі де қолданылуы мүмкін.

- Химиотерапия кезінде науқас өзін қалай сезінеді? Қандай жанама әсерлер болуы мүмкін?

- Химиотерапия – қан арқылы жүйелі түрде дәріні енгізу. Қан барлық мүшелер мен жүйелерге баратындықтан, әрине, қалыпты сау жасушалар да ем әсеріне жауап қайтарады. Сондықтан жанама әсерлер дамиды.

Химиотерапия кезінде, яғни препаратты енгізу күні, науқастар өзін жақсы сезінеді. Алайда құсу, лоқсу, тәбеттің төмендеуі, әлсіздік, іш өту немесе іш қату сияқты асқазан-ішек жолдары бойынша асқынулар дамуы мүмкін.

Гемоглобин, лейкоцит, тромбоциттер деңгейінің төмендеуі, қан кету сияқты қандағы өзгерістер гематологиялық асқынуларға жатады.

Нейроуыттылық сияқты жанама әсер біртіндеп дамуы мүмкін. Бұл кезде шаншудан басталған өзгерістер саусақтардың сезімталдығының азаюымен жалғасады. 

50 жастан асқан науқастарда жоғары қан қысымы, жүрек ритмінің бұзылыстары сияқты қосымша патологиясы болса, кардиологиялық асқынулар байқалуы мүмкін. 

Химиотерапия токсикалық гепатитке, бауыр трансаминазаларының, билирубиннің өзгеруіне әкелуі мүмкін.

Алайда мұның бәрін бақылауға және жоюға болады. Біз жанама әсерлер аз болуы үшін симптоматикалық ем жүргіземіз. Науқастарға қалай дайындалу, қандай тамақтану тәртібін ұстану және қандай өмір сүру салтын сақтану керектігін түсіндіреміз.

Ерлердің немесе әйелдердің бедеулігі сияқты жанама әсердің жөні бөлек. Химиопрепараттар баланы дүниеге әкелу қызметіне уытты әсер етеді, еттеккірдің бұзылуы, менопаузаның дамуы мүмкін. Сондықтан батыс елдерінде химиотерапия бастамас бұрын аналық жұмыртқасы мен сперматазоидтарды төменгі температурада сақтау үшін өткізу ұсынылады. Бұл келешекте бала сүюге мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай шешім сирек қабылданады. Сондықтан бұл туралы көбірек айту, түсіндіру қажет. Жыныс жасушаларын сақтау үшін барлық мүмкіндік бар. Кейбір клиникалар мұндай қызметті ұсына алады.

Еш уақытта химиотерапия кезінде жүкті болуға болмайды. Өйткені жүктілік ауруды өршітеді.

Шаштың түсуі сияқты жанама әсер әйел үшін үлкен уайым болып табылады. Химиопрепараттардың барлығы шаш фолликулдарына соншалықты зиянды әсер көрсетпейді. Шаш түссе де, бұл уақытша әсер болып табылады. Ем алғаннан кейін 1 айдан соң шаш қайта өсе бастайды.

Аурудың өзін, осындай жанама әсерлер болатынын қабылдау керек және емнің пайдасы болатынына сену қажет.

- Жанама әсерлерді азайту үшін не істеу қажет? Химиотерапияға қалай дайындалу керек?

- Тамақтану тәртібін сақтау қажет. Бауыр, ұйқы безіне ауыртпалық түсірмеу үшін майлы, қуырылған, ащы тағамдарды жемеген жөн. Аз мөлшерде, жиі тамақтану керек. Жеңіл сіңірілетін тағамдарды пайдалануға болады. Тәбет болмаса да, жүрек айну болса да, қайта қалпына келуде қажет болатын  күш пен қуаттың болуы үшін тамақтану қажет. Қосымша аурулар болғанда дәрігер тағайындаған барлық дәрілерді қабылдау қажет. Барлық асқынуларды бақылауға болады.

Әрине, химиотерапияны тағайындаған кезде науқастар қорқады. Алайда біз әрқашан қатерлі ісіктің үкім еместігін түсіндіреміз. Тіпті асқынған кезде де дұрыс емнің нәтижесінде үдерісті тұрақтандыра аламыз, ауру белгілерін азайта аламыз, өмір сүру сапасын жақсартамыз. Осы ауруды жеңу және емге деген позитивті ойды соңына дейін сақтау керек.

Центр томотерапии UMIT-Химиотерапия кезінде адам жұмысын жалғастыра алады ма?  

- Барлығы диагнозға, таңдалған схемаға байланысты. Егер адам ауыр физикалық жұмыспен айналысса, онда ол емдеу барысында жұмыс істей алмайды. Бірақ белгілі жағдайда, әсіресе емнің профилактикалық курсын алып жатса, науқас онлайн-режимде жұмыс істей алады.

- Ісік жасушасының химиотерапияға төзімділігі кезінде басқа да амалдар бар ма?

- Өкінішке орай химиотерапияға төзімділік деген жағдай туындайды. Емнің жүргізілген бірнеше курсынан кейін ісік қайта ұлғаюы мүмкін. Себебі ісік жасушасының жаңа механизмі іске қосылады. Ісік жасушасы қарапайым емес, ол емге көнуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, өзінің тіршілігін сақтап қалу үшін басқа механизм мен жолдар пайда болуы ғажап емес. Бұл кезде біз емдеу әдісін өзгертеміз. Жаңа препараттар, мысалы нысаналы дәрілерді қолданамыз. Нысаналы терапияның ерекшелігі – нақты нысанаға, ісік жасушасының өсуі мен жетілуіне қатысатын арнайы молекулаларға тікелей әсер ету. Мысалы, 4-ші кезеңдегі бүйректің қатерлі ісігі кезінде нысаналы терапияның нәтижесінде 5 жылдық өмір сүру ұзақтығына қол жеткізуге болады. Нысаналы терапияның ең үлкен артықшылығы – салыстырмалы төмен уыттылығы және сау жасушаларға зиянды әсерінің аз болуы. Бұл онкологиядағы үлкен жетістік болып табылады!

- Химиотерапияның жаңа мүмкіндіктерін жасаудағы ғылым қай бағытта дамуда?

- Онкологияда соңғы бірнеше жылда иммунотерапия сияқты жаңа революциялық бағыт дамуда. Бұл кезде ісік жасушаларымен күресте иммунды жүйе іске қосылады. Көп жағдайда қатерлі ісік жасушасы адам ағзасындағы иммунды жауаптың бұзылысы нәтижесінде бақылаусыз өсе бастайды.

Геномдық секвенирлеу көмегімен қай генде бұзылыс болғаны анықталады және иммунитетке қатерлі ісік жасушасын тануға, одан әрі оны жоюға мүмкіндік беретін арнайы дәрілер жасалады. Осындай зерттеулердің нәтижесінде әр науқасқа жеке ем тағайындауға болады.

Онкологический центр томотерапии UMIT- UMIT томотерапия орталығында химиотерапия курсын өтуге болады ма?

- Біздің UMIT томотерапия онкологиялық орталықта амбулаторлық химиотерапия кабинеті, асқынулардың алдын алу мақсатында химиопрепараттардың дозасы мен уақытын автоматты түрде орнататын инфузомат атты арнайы аппараттар бар. Химиопрепараттарды (олар өте улы және арнайы жағдайларды талап етеді) дайындау үшін арнайы жабдықталған бөлме, арнайы оқытылған маман бар. Науқас препаратты әзірлеуді арнайы планшет арқылы көріп отыра алады.

Науқастар өздерін жайлы сезіну үшін барлық ыңғайлы жағдайлар жасалған. Ұзақ уақыт күтпейді, адамдар көп болмайды. Химиотерапияда емдеу мерзімін сақтау өте маңызды, қайталау курстарын өткізіп алмау керек.

Қазіргі уақытта әлемде науқастың жағдайы мүмкіндік берсе, химиотерапияны амбулаторлық жағдайда алуға көшіру тенденциясы белең алып отыр. Мұндай режимде науқас өз отбасының қасында болады, олардан эмоционалдық қолдау алады. Бұл науқастың жағдайына оң әсер етеді.

Сонымен қатар біздің орталықта томотерапия курсын да алуға болады. Бұл сәулелік терапияның ең заманауи түрі болып табылады. Біздің науқас екі емдеуші дәрігер, яғни химиотерапевт пен радиологтың бақылауында болады.

Қатерлі ісік үкім еместігін қайталап айтқым келеді. Нұр-Сұлтан қаласындағы біздің UMIT томотерапия онкологиялық орталығына келіңіздер. Біз сіздерге көмектесуге дайынбыз.

UMIT томотерапия онкологиялық орталығындағы онколог-химиотерапевт Нургуль Кайсаровна Калиолдина қабылдауына жазылғыларыңыз келсе, сайтта өтінім қалдыруға   немесе +7-707-22-55-009 (WhatsApp) Call-орталығына хабарласуға болады.  

Мүмкін сізге осы мақалалар пайдалы болар:

Сүт безінің қатерлі ісігі: маммологтан қорқудың қажеті жоқ!

Томотерапия — онкологиялық ауруы бар науқастарға арналған жылы үміт